Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары нені армандайды?

796

Ел аумағында білім күніне санаулы күндер қалды. Жаңа оқу жылының қарсаңында қаламыздағы жетім және тұл жетім, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларының дайындығы қалай? Қандай оқу құрал-жабдықтарымен жасақталды?

Жыл сайынға игі жоба – «Мектепке жол» акциясының аясында биыл тиісті қажеттілік – киім-кешекпен толық қамтамасыз етілді ме? Бұл үшін қазынадан қанша қаржы қаралды немесе жомарттық танытқан демеушілер кімдер? Сан сауалдың жауабын анықтауға тырыстық… Бұл жолы балалар мектепке білім алуға емес, мектепке қажетті құралдарын түгендеу үшін жиналды. Дәлірегі, жаңа оқу жылы қарсаңында қаламыздағы Әл Фараби ауданы әкімдігі «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырды. Шарапаты мол шара аясында мектеп жасындағы жетім және тұл жетім, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына дәптер-қаламдары секілді қажеттіліктері мен сөмкелері тапсырылды. Ал бұл сый-таралғыны қолына алған шәкірттер сол мезет, сөмкені тағатсыздана ашып, ішіндегі оқу құралдарын түгендеуге көшті.

Жасмин Жаппарова

Жасмин Жаппарова, №22 мектептің оқушысы: «Маған сөмке бергеніне өте қуаныштымын. Ішінде дәптер мен қаламдар, бояулар мен күнделік және кітап қаптағыштар бар. Сызғыштың түсі де әдемі.  Рахмет».

Сөмкенің ішінде тек оқу құралдары бар. Ал білім күні қарсаңында тек осындай қажеттіліктерді алған әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларының өзге де тілектері бар. Бала-көңіл бізге риясыз армандарын да айтып берді.

Әлина және Зарина Қалбаевалар

Зарина Қалбаева, №19 мектептің оқушысы: «Менде енді дәптерлер бар. Бірақ, юбка, бантик, аяқ киім алғым келеді. Мұндай киім-кешектер менде жоқ».

Аудан әкімдігінің айтуынша, кезекті жобаға тек жергілікті мәслихаттың бірқатар депутаттары мен кәсіпкерлер жомарттық танытып, демеушілік жасаған. Оның өзінде оқушылар киім-кешек емес, тек оқу құралдарымен қамтамасыз етіліп отыр.

Ғабит Мәуленқұлов, Әл Фараби ауданының әкімі: «Жалпы бұл жерде қамтылатын балалар – 2-6 -сыныптың аралығында. Мәселен, 2-4-сынып  оқушыларының оқу құралдарына  – 15 мың теңге жұмсалды. Ал одан үлкен 4-6-сыныптарға – 20 мың теңгеге шақталып жасақ-жабдықтары әперіліп отыр. Және мұның барлығына мемлекеттен ақша қаралған жоқ, тек демеушілердің көмегімен жүзеге асты».

Айта өтейік, бүгінде бір ғана Әл Фараби ауданында 31 мектеп бар болса, онда 2000-ға жуық әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары білім алады. Ал бүгінгі акцияда тек 150 бала оқу құралы – қажеттіліктерімен қамтылды.

Мөлдір Бекеева