Оңтүстікте студенттік құрылыс жасағы жұмысын бастады

919

Оңтүстікте студенттер құрылыс жасағы өз жұмысын бастады. Биыл студенттер баспананың іргетасын қаламайды. Өткен жылы мына көпқабатты тұрғын үйлерді өздері соққан.

Енді жастар мұндағы арнайы бекітілген аумақтарда күн сайын таңғы сағат 9:00-ден бастап бас-аяғы 8 сағат еңбек етіп жатыр.

"Нұрсәт" шағынауданындағы көпқабатты тұрғынүйлер
«Нұрсәт» шағынауданындағы үйлер

Ахунжан Әліқұлов — студенттік құрылыс жасағының сарбазы. Жасы — 19-да. Құрылыс мамандығының ІІ курс студенті. Ол үшін шаруаға білек сыбана араласу қиынға соққан жоқ. Ол өткен жылы да жасақта еңбек еткенін айтады.

Ахунжан Әліқұлов
Ахунжан Әліқұлов

Ахунжан Әліқұлов, студент: «Қазіргі уақытта қабырғаны әрлеу жұмыстарымен айналысып жатырмын. Алдымен сылақты дайындап алып, сосын сүрмемен жағамын. Оның тегіс шығуы үшін тақтаймен тағы да тегістеп шығамын. Айлық жалақым — 60 мың теңге. Күнінң астында мынадай ауыр жұмыс істеп жүріп, ақшаның қадірін білдім. Енді ата-анама қолғабыс болу үшін осында жүрмін, алғашқы жалақымды да үйдегілерге беремін.»

Келесі кейіпкеріміз — Халық Қали. Студент құрылыс жасағының құрамына биыл ғана еніп отыр. Бұған қарамай бозбала қайнаған құрылыстың ортасы үлкен тәжірибе деп біледі.

Халық Қали, студент: «Сабақта өткен теорияны онша түсінбеуші едім. Енді, міне, практика жүзінде көріп-біліп жатырмын. Құрылыс қателікті кешірмейтін мамандық десем болады, бірнеше сантиметр қателіктің өзі құрылыс жоспарын өзгертеді.»

Студенттік құрылыс жасағының қатарынан табылу — талай жастың арманы. Бүгінге дейін осы мүмкіндікке жыл бойы қоғамдық шараларға қатысып, жақсы оқыған белсенді құрылыс саласының студенттері ғана қол жеткізіп келген. Бірақ биылғы жағдай басқаша.

Төремұрат Серікбаев, «Студенттік құрылыс» жасағының жетекшісі: «Биыл құрылыс қана емес, өзге де мамандықтың студенттері өз өтініштері бойынша жасаққа еніп, жұмыс жасап жатыр. Олардың жалақысы да анағұрлым көтерілген. 60-70 мың теңге төңірегінде. Жастарға бар жағдай жасалды — жатын орын, 3 мезгіл тамақ пен өзге де мәселелер шешімін тапқан».

Осылайша жастардың жалақысы өткен жылмен салыстырғанда 10 мың теңгеге артыпты. Бұл қаржы тек жергілікті мердігер компаниялардың тарапынан төленеді. Айта кетейік, бүгінде қаламыздағы «Нұрсәт» шағынаудандағы көпқабатты үйлердің бой көтеруіне 500 студент үлесін қосып жүр.