Облыс әкімінің бірінші орынбасары Шардарадағы құрылыстармен танысты

431

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Б.Оспанов, облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Ержан Шардара ауданына жұмыс сапарымен барды. Билік өкілдері осы сапар барысында құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралап, тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.

008

Облыс орталығынан барған қонақтар алдымен Сырдария өзенінің жағалауындағы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын аралап көрді. Аудандық бюджет есебінен 25 млн 820 мың теңгеге кезең-кезең бойынша салынып жатқан дария жағасындағы жаңа саябақ Шардара шаһарының шырайын келтіретін демалыс орны болмақ. Осы саябақ ішінде қаланың басқа да көркейту, сәулеттік келбетін жақсарту жоспарлары әңгіме болды.

009

Облыс басшылары мұнан кейін қаладағы Жастар даңғылының бойында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан спорт кешенінің ғимаратына барды. Сметалық құны 403 млн 575 мың теңгеге бағаланған бұл нысанды келесі жылға тапсыру жоспарланған. Екі қабатты болашақ спорт кешенінде 260 көрермен облыстық деңгейден бастап, халықаралық дәрежедегі жарыстарды тамашалай алатын болады. Мердігер мекеме «Жуалы Строй Бизнес» серіктестігінің құрылысшылары бүгінгі таңда кестеге сәйкес жұмыс жүргізіп келеді.

Б.Оспанов қаладағы Ж.Жабаев бастауыш мектебінде болып, білім ошақтарының қысқы маусымға әзірлігімен танысып шықты. Сондай-ақ, Шардара-Абай трассасының бойындағы арнайы шарбақпен қоршалған көгалдандыру жұмысымен, Шардара қаласындағы жаңадан салынатын қоғамдық орталыққа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар жұмыстарының барысымен танысты.