Облыс әкімінің қатысуымен кезекті кеңейтілген есептік мәжіліс Түркістан қаласында жалғасты. Облыстағы басқармалар мен аудандағы салалық бөлімдер және ауыл әкімдерінің қатысуымен жаңа форматта өтіп жатқан мұндай жиын жұмысты жүйелеуге оң септігін тигізіп отыр.
Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаевтың есебі құрылыс саласынан басталды. Пайдалануға берілген әлеуметтік нысандардағы кемшіліктер таразыланып, оларды мемлекеттік қабылдаудан өткізген жауапты мамандарға шара көру жайы айтылды, қабылданған нысандардың статистикаға тіркелуі талданды.
Қаланың кеңейіп өсу қарқынын дұрыс бағамдау үшін бас жоспарды тағы бір пысықтау маңызды. Сондай-ақ, қала аумағында салынатын нысандар бас жоспардың талаптарына сай жүргізілуі тиіс. Берілген тапсырмалардың сапалы іске аспауы аудан, қала әкімдіктерімен қатар, облыстық басқармалардың бірлесіп жұмыс атқармағынына да байланысты деді А.Мырзахметов.
Мәселен, өз саласы бойынша қойылған сауалға толық жауап бере алмаған құрылыс басқармасының басшылығы мұндай есепке тиянақты дайын емесін байқатты. Осындай тәртіппен әр басқарма өз саласындағы міндеттердің атқарылуына баға беріп шықты.
Өңір басшысы жергілікті жердегі жұмыстарды үйлестіруде ауыл әкімдерінің рөлі ерекше дей келе ауыл әкімдерінің мәртебесін көтеріп, олардың кәсіби біліктілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.