Ордабасы ауданында ауқымды алқап өртке оранды. Қатты желдің салдарынан өрт күшейе түскен. Абырой болғанда егістікке өрт түскен жоқ. Өртті сөндіруге жергілікті елдімекеннің тұрғындары да атсалысқан.
Тілсіз жау өзінің жолындағы бүкіл өсімдіктерді күлге айналдырған. Алғашында қалын тұманға айналған түтіннен ешнәрсе көрінбейді. Өрттің қасына екінің бірі жақындай алмайды. Оған ыстық ауа райын тағы қосыңыз.
Бұл — биылғы жаздың алғашқы жайсыз оқиғасы емес. Өртті сөндіруге ауыл тұрғындары бір жұдырықтай бірігіп жұмылыпты. Осылайша өрт сөндіру бригадасына көмек көрсетті.
Мамандар биыл дала өрті жиі болып жатқанын айтады. Алайда дер кезінде өшіріліп, адамдар аман қалуда.
Қанат Жұмабаев, ОҚО ТЖД бас маманы: «Жыл басынан бері облыс аумағында көлемі 17 гектарға жеткен бір орман өрті тіркелді. Оған қоса төрт рет ашық дала өртеніп, 129 гектар жер жанып кетті. Материалдық шығын 2,5 млн теңгеден асты. 76 гектар алқаптағы бидай өртенді.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Mrw6tuDX8ZM[/youtube]
Бұл жолы ауыл тұрғындарының жолы болған. Айтуларынша, алқап өртке оранар алдында төрт түліктің пішенін жинап алыпты. Осылайша өртке қарсы бригада мен жиналған тұрғындар тілсіз жаудың ауылға қарай ауып кетуіне жол бермеді.