Шымкентте бір күнде 12 әлеуметтік нысан ашылды. 189 пәтерлі 3 көпқабатты үй, үш зауыт-фабрика, бір балабақша, үш оқу өндірістік базасы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, қала аумағында екі қосалқы энергостансасының құрылысы аяқталды. Олар Бозарықтағы ағайынға қызмет етеді. Сондағы тұрғын мемлекеттік жарыққа қол жеткізді.
Астанаға тарту ретінде ашылған әлеуметтік нысанның бірі — Шымкент аграрлық колледжі. Жастарға сапалы білім беру мақсатында осыдан екі жыл бұрын арнайы бағдарлама жасалған. Оның басы-қасында болған облыс әкімі болашақ агрономдарды жан-жақты дайындайтын өндірістік базаны салуға шешім қабылдапты.
Енді, міне, араға бір жарым жыл салып база пайдалануға беріліп отыр. Мұнда жылыжай, бау, көкөніс қоймасы орын тепкен. Соңғы технологиялар бойынша жабдықталған өндіріс базасында студенттерге барлық жағдай жасалған.
Кенжехан Төлебаев, Шымкент аграрлық колледжінің директоры: «Бізде осы уақытқа дейін өндіріс базасы болған жоқ. Облыс көлеміндегі түрлі өндіріс орындарымен келісіп келдік. Онда да бірі келіссе, енді бірі келіспейді, әйтеуір, студенттері тәжірибеден өткізіп жүрдік. Қазіргі талап — оқудың 40 пайызы теория, 60 пайызы практикада оқыту. Осыған байланысты оқу-өндірісітік базасына қол жеткіздік».
Оқу өндірістік базасы аумағында ауыл шаруашылығы дақылдарын тамшылатып суару жүйесімен бір гектарға бау егілген. Сондай-ақ, жүзім бағы және егісті бұршақ алаңы бар. Онда жиналған өнімдер 10 тонналық көкөніс қоймасында сақталады.
Бұл жетістіктермен жиналған жұрт танысты. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Берік Оспанов онлайн режимде тағы 11 әлеуметтік нысанды ашты. Үш тұрғын үй 189 отбасына берілетінін айтты.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=8m3R3BD7-lQ[/youtube]
Бозарықтық ағайын жекеменшік трансформатордан құтылып, электр қуатын арнайы стансадан алатынын жеткізді. Сондай-ақ, қаладағы тоқыма-тігін фабрикасының өндіріс кешені жаңартудан өткенін мәлімдеді.
Берік Оспанов, облыс әкімінің орынбасары: «Оңтүстік өңірі Астананың туған күніне деген құрметін осы игі шаралар арқылы паш етпек.»
Мереке қарсаңында №9 «Аққанат» балабақшасы да іске қосылды. Мектепке дейінгі бұл ұйым 80 сәбиге арналып, төрт топқа негізделген.
Жанар Асқарова, №9 «Аққанат» балабақшасының меңгерушісі: «80 бала тәрбиеге алынып, қабілетін дамытуға мүмкіндік алуда. Бүгінгі іс-шарада мектепке дейінгі дайындық мекемесі пайдалануға беріліп, ата-аналарды қуантты».
Алла бұйыртса, еліміздегі ірі мегаполистердің қатарына қосылуға ұмтылған Шымкентте әлі талай нысан бой көтереді. Жастар сапалы білім алып, тұрғындар инфрақұрылымы дамыған елде өмір сүреді. Бұл — игі бастамалардың куәгері болған халықтың пікірі.