Шымкенттің төңірегіне топан судан қауіп бар. Төтенше жағдай қызметкерлері осылай дабыл қағып отыр. Төле би ауданынан қаланың қарамағына өткен су қоймалары мен айдындары апатты жағдайда. Құдай бетін әрі қылсын, ахуалдың алдын алмаса Алматыдағы төтенше жағдай секілді сел Шымкентті де шырғалаңға салуы мүмкін.
Қала маңындағы қауіп төндіріп тұрған айдын — осы. Суы біраз сарқылып, қазір қалыпты жағдайда. Бірақ апат айтып келмейді. Толассыз жауын жауа қалса, бөгетті бұзып кетуі әбден мүмкін дейді төтеншеліктер. Өйткені күрделі жөндеген су айдынында бетон бөгеттердің құрылыс толық аяқталмаған. Мердігер еңбектенуге ерінсе керек, 70 метр жерді қалдырып кетіпті.
Айдындағы су деңгейі аса қалса, беткейге қарай бұратын каналдың да жағдайы мәз емес. Арықтың арнасына қоқыс қордаланып, тазаланбаған. Ол аз десеңіз, каналдың қос бет қабырғасы қирауға жақын. Айтқан жерден аулақ, апатты ахуал туындай қалса, Текесу ауылын топан су басу қаупі бар. Онда қазір 1000-ға жуық тұрғын тіршілік етуде.
Сарқырап аққан су — Тоғыс су қоймасына тиесілі. Қазір бұл жерден каналға 400 текше метр тіршілік көзі кетіп жатыр. Толассыз аққан суды бөгеу мүмкін емес. Өйткені шлюздер істен шыққан дейді мамандар. Қоймадан тіршілік көзін тоқтататын автоматты қондырғылар қазір жарамсыз. Ал су ағысын реттеп отыратын маңызды нысан апатты жағдайда деп дабыл қағады төтеншеліктер.
Сыйымдылығы 4,6 млн текше метрлік су қоймасында қазір 2 млн текше метрге жуық тіршілік көзі бар. Апатты ахуал туындай қалса, 7 мыңнан астам халық қоныстанған Елтай және Маятас елдімекендерін топан су шайып кетуі әбден мүмкін.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=YdaXNr0tUMU[/youtube]
Тіпті, Бадам мен Жұлдыз ауылдарын жайпап, шаһардың шағынаудандарының тұрғындарын да шырғалаңға салуы ғажап емес дейді төтеншеліктер. Сондықтан биылғы қыстың қатал боларын ескеріп, келесі жылдың көктеміне дейін қоймаларда күрделі жөндеуді кешіктірмеу керек деп отыр.
Мақсат Жақсыбаев