Шымкентте «Кітап» фильмінің тұсаукесері өтті

508
Көпшілік режссермен естелік суреттерге түсті

Режиссер әрі журналист, ақын Ербол Жұмағұловтың «Кітап» атты кинотуындысы шымкенттік көрерменнің назарына ұсынылды. Ел аумағында жерлестерімізге жол тартқан премьералық шығарма көрсетілімі жабық өтті.

жабық көрсетілім

Оқиға желісі бойынша Оңғар есімді азамат Алматыдағы жарнама агенттігінің директоры қызметін атқарды. Бірақ іскер азамат еткен еңбегіне өзінің көңілі толмай, қоғамда өз орнын таппағандай сезінеді. Өмірдің мәнін ұғынуға ұмтылады, көкейінде мазалаған сұрақтарға жауап іздеуге көшеді. Болмағасын ауылда тосқан ата-әжесіне аттанады. Онда жүріп, дінге бет бұрады. Иман келтірген соң, сансыз сұрақтарына жауап табады.

Фильмдегі пайдакүнем, өзімшілдігі басым, адамшылдықтан ада ауыл мешітіндегі имамды әуесқой әртіс Ержан Мұқаш сомдады.

Ержан Мұқаш
Ержан Мұқаш

Ержан Мұқаш: «Іс-қимылдары болмаса кейіпкерімнің мінез-құлқы, қадамдары, адами қасиеттері мүлдем бөлек. Ол имамға ұқсамаймын, ұқсағым да келмейді. Бірақ оқиға өмірден алынған. Сондықтан мұндай молда, имамдар бар. Осы орайда айта кетейін — кино түсірілімінің алдында Қазақстанның діни басқармасына сценарийді апарып, таныстырған. Бірге кеңесіп, ақылдасып, ол тарап келісім берген. Яғни, имамның образын осылай сомдауға болады деп.»

"Кітап" к/ф

Шығарма Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясында 2 жыл бойы түсірілген. Фильмнің түсірілім алаңы ретінде Алматы қаласының аумағы таңдалыпты. Жас киногердің алғашқы тырнақалды туындысында басты рөлдегі Оңғарды белгілі актер Берік Айтжанов сомдаса, ресейлік актриса Юлия Зимина оның ғашығы Зинаның рөлін ойнаған.

Ербол Жұмағұловтан сұхат алудың сәті түсті
Режиссер Ербол Жұмағұлов

Ербол Жұмағұлов, «Кітап» фильмінің авторы әрі режиссері: «Алғашқы кином болғандықтан көптеген қиындықтар кездесті. Туындыны жазып аяқтаған соң оны түсіруге қомақты қаржы қажет. Мәселен, басшылық ақша жоқ, эпизодтарды қысқарт дейді. Қысқартып енді ғана бола бергенде, актер іздейсің. Образды аша білетін әртісті тапқанда оның өзге мекемелермен келісім-шарты, түсірілімі болады. Міне, көзге көрінбейтін осындай қиыншылықтар болды, әрине. Драматургиялық, яғни, әуен қолданысында да көптеген жұмыстар болды. Бірақ қазір барлығы жақсы, кинотуынды ойымнан шықты. Менің түсінігімде «Кітап» деген — ол қасиетті Құран Кәрім. Қазіргі қоғамда Ислам дініне қатысты көптеген мәселелер туындап жатыр, оны керісінше теріс түсіндіруге талпынып, дінімізге тіл тигізіп жатқандар да бар. Сондықтан осы бір күрделі тақырыпқа кино түсіргім келді. Көпшіліктің иманға бет бұратынына сенемін».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=8rmjSpl42N0[/youtube]

Фильмдегі оқиға, өмір шындығы мен әсер, кейіпкерлердің жүрегіндегі риясыз сезім, қоғамдағы адасу жағдайлары залдағы көрерменді де бей-жай қалдырмады.

Марат Тұрдалиев, көрермен: «Жақсы әсер алдым. Әсіресе жастарға тәрбиесі мол деген ойдамын. Негізі, намаз оқыған адамның жолы әрдайым ашық болады ғой. Киноның бізге айтқысы келгені де осы. «Кітап» десе — кітап екен, адам оқиғадан өзіне қажеттіні алады. Және соңы да тұңғиық, жұмбақ жағдайда аяқталды.»

Көпшілік режссермен естелік суреттерге түсті
Көпшілік режссермен естелік суреттерге түсті

Айта кетейік, отандық кинотуындының жарық көруіне бас-аяғы 1 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Көрсетілімнен кейін режиссер көрерменмен бірге естелік суретке түсті.