«Түрмедегілердің санын азайтудың 10 әдісі» республикалық жобасы басталғалы бері Оңтүстік Қазақстан облысында абақтыда жазасын өтеушілер саны 3419 адамнан 2577-ге дейін немесе 24,6 пайызға азайды. Қазір үкіметтің алдында сол азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі тұр.
Еске салайық, Қазақстан 90-жылдары түрмедегі адамдар саны жөнінен әлемде 3-орында болған. Біздегі сотталғандардан 2013 жылы бір қала халқын жинауға болар еді. Ал әр жазасын өтеушіге мемлекет қоржынынан жылына 613 мың теңге жаратылады (2013 жылғы мәлімет).
Қазіргі таңда бірқатар жұмыстан кейін түрмедегі адамдар саны бойынша Қазақстан әлемде 35-орынға тұрақтады. Бір өкініштісі, темір тордың арғы жағында болып келген адамдарға қоғамға сіңіп кетуі қиынға түседі. Жұмыс табуы тіпті қиын.
Осыған орай 2014 жылдың 12 желтоқсанында Бас прокуратура «Абақтыда жұмыспен қамту — 2017» жобасын бастады. Оның аясында Оңтүстіктегі жазасын өтеушілердің 55 пайызы жалақы төленетін жұмыс тапты. Бұл туралы атқарған жұмысы туралы есеп берген облыстың бас прокуроры Ибрагим Иманов ендігі мақсат 2018 жылға қарай өңіріміздегі сотталғандардың 75 пайызы екі қолға бір күрек табуы деді.