Су бұрқағы қауіпсіз емес

600

Шымкенттіктерді аптап ыстық алқымнан алды. Шілденің шіліңгіріне шыдамаған қала тұрғындары субұрқаққа шомылып, жандарына дауа іздеуде. Алайда тазалық сақшылары шаһардың сәніне айналған бұрқаққа шомылуға болмайтынын айтып, дабыл қағуда. Себебі түрлі жұқпалы аурулар тарауы мүмкін.

005

Күн ысығалы субұрқақты саялайтын тұрғындардың қатары артқан. Ал балалар шомылып, салқындауды әу бастан-ақ әдетке айналдырған. Күні-түні үздіксіз су ағатын фонтандар шіліңгір шілдеде шымкенттіктерге салқын леп сыйлап тұрғаны рас.

Алайда суға балаларды түсірмес бұрын оның санитарлық тазалығына мән берген жөн. Мамандардың айтуынша, бұрқақтағы су үш айда бір ауыстырылады. Сондықтан қауіпті, әсіресе, жұқпалы ауруларды тудыруы ғажап емес.

Жалпы, Шымкентте жиырмаға жуық фонтан бар. Оның екеуі істен шыққан. Солардың бірі Ахмет Байтұрсынов көшесінде болса,екіншісі — 17-шағынауданда. Қаңырап тұрған субұрқақ уақытында қалалықтардың көз қуанышына айналған. Ал бүгінгі жайы көңіл көншітпейді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=D86t0T0bEQE[/youtube]

Айта өтейік, биыл қаладағы фонтандарды күтіп ұстау үшін 123 млн теңге бөлінген. Ал бұл бұрқақтарға бюджет қаржысы жетпей қалса керек, оларды іске қайта қосу үшін қомақты қаражат қажет екен.

Десе де шаһар көркін ашатын субұрқақтар саны жыл санап артып келеді. Саябақтарды айтпағанда аллеяларда ән салып, би билейтін фонтандар көбейген.

Лаура Нақыпқызы