Тубдиспансерден тағы да дау шықты

606

Шымкенттегі туберкулезге қарсы емдеу диспансерінен қалалықтарға қауіп төніп тұр. Тұрғындар осылай деп дабыл қағады. Осыдан жарты ғасыр бұрын бой көтерген мекеме қаланың қақ ортасында орналасқан.

Санитарлық талаптар бойынша бұл нысан елдімекеннен кемінде 1 шақырым жерде болуы тиіс. Емдеу мекемесінің маңында тұратын шымкенттіктердің айтуынша, құрт ауруына шалдыққандар емін-еркін сыртқа шығып жүреді, тіпті, үйлерінің алдын ластап кетеді екен.

010

Тұрған Бейімбетов 15 жылдан бері қалалық тубдиспансер мәселесін көтерумен келеді. Тазалық мамандары диспансердегі кемшіліктерді анықтап, айыппұл да салған. Алайда шағымданушылардың көңілі әлі көншімей тұр. Олар емдеу орнының тұрғын үйлерден әлдеқайда алыс болғанын қалайды.

Тұрған Бейімбетов, шағымданушы тұрғын: «Олар енді ауру болған соң өзінің ережесін сақтау керек. Бұл жер – курорт емес. Бұл жерде серуендеп жүреді, қыздары болсын, ұлдары болсын. Арақ ішеді, темекі тартады. Түкіреді. Басқасын айтпағанда. Өте қауіпті. Санитарлық норма бойынша барлық адами қасиет бойынша осы тубдиспансер қалада, орталықта болмау керек. Ол анау шетте, адам жүрмейтін жерде болуы керек. Мына түкіргені 100 жыл жатады екен.»

Бұдан бөлек тұрғындарды диспансердің кәріз жүйесі мен су құбырының арасы небәрі екі жарым метр болғаны да мазалайды. Айтуларынша, қыс мезгілінде кәріз құбырынан су тасыған. Ал диспансерге былтыр тамызда ағаш ұстасы болып жұмысқа орналасқан 21 жастағы жігіттің туберкулез жұқтырғаны олардың қорқынышын тіпті үдетіп жіберді.

Фархад Өтепов, Әл Фараби аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы басшысының орынбасары: «Бірқатар санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы орын алғаны рас. Соған байланысты мекемеге 100 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынған.»

Ал диспансер басшылығы әлгі қызметкердің жұмысқа кірерде медициналық байқаудан өтпегенін, сондықтан туберкулезді қызметке дейін де жұқтыруы мүмкін екенін алға тартты. Емдеу орнында науқастардың дерттің жұқпайтын түрлерімен жататынын айтып, тұрғындарға еш қауіп жоқ деп ақталды. Тиісінше диспансерді басқа орынға көшіру мәселесі де олар үшін маңызды емес. Науқастар сыртқа шықпайды, сондықтан маңайды ластауы мүмкін емес дейді.

Болат Бердалиев, қалалық тубдиспансердің бас дәрігері: «Сол халықтың наразылығы туып, диспансер қаланың ортасында қалып қойды дегенін ескеріп, мұндағы науқастар айналаға қауіп төндірмейтін түрімен ғана ауырады, яғни, жұқпалы түрімен ешкім ауырмайды деген мағынада.»

Жұқпалы дерті бар науқастар мұнда тіпті жоқ дегенмен тұрғындар мүлдем келіспейді. Диспансердегі ағаш ұстасының туберкулезді жұқтырғанын сот дәлелдеп беріп, айыппұлдан бөлек үш айға диспансер жұмысы тоқтатылғанынан да олар хабардар. Сондықтан емдеу орнын қала сыртына көшірмей қоймаймыз деп белсеніп отыр.

31 телеарна