Жәңгір хан

Жәңгiр хан

Жәңгір хан — Қазақ тарихындағы он төртінші хан. Бұрынғы он үш ханның алтауы ат үстінде, соғыс жолында қаза тауыпты. Жәңгір де сондай алапат шайқас үстінде өлім құшқан жетінші ер. Бар ғұмырларын аласапыран кезеңдермен өткізген ілкі батыр бабаларымыз ел мүддесі мен мерейі үшін шайқаста жан қиған ерлерде арман жоқ деп білген. Сол бабалардың рухын кеуделеріне қондырған, аталарымыздың ерлік дәстүрін естен шығармай, аса құрметтей білетін бүгінгі ұрпақтың намысты азаматтары да халық келешегі жолында шейіт кеткен сондай қаһармандарды қатты қастерлеп, әруақтарына бас иетіні сөзсіз. Жәңгір хан – сондай тұлғалардың бірі.

Жәңгірдің ата-тегінің әрісі – қазақтың алғашқы хандарының бірі әз-Жәнібектен бастау алады. Берісі – Шығайдан өрбіген Есім ханның бел баласы. Оның ат жалын тартып, көзге түсе бастаған уақыты – екі жүз жылға ұласқан қазақ-қалмақ соғысының бел ортасы кезеңімен тұспа-тұс келеді. Бір өкініштісі, бар қазақ аттарын білгенімен, кейінгі зертеуші-жазушылардың олқылығынан жалпы ғұмырбаяндарына, ерлік жолдарына әлі күнге дейін толыққанды қанық бола алмаған Тоғым, Тәуекел. Бұйдаш хандардың тағдыр-баяндары тәрізді Жәңгірдің де ел, халық үшін атқарған жемісті де жеңісті қызметтері осы күнге дейін толымды түрде жазылған жоқ. Жазылғаны – 1644 жылы Орбұлақ маңында өткен соғыс кезінде көрсеткен ерлігі ғана.

Кейбір тарихшылар Есім хан 1628 жылы қайтыс болған дейді де, Жәңгір хан сайланған 1643 жылға дейін қазаққа кімнің хан болғаны жайында жақ ашпайды. Қисынға салсақ, іргеден жау кетпей, жан-жақтан күнбе-күн басқыншы қысып тұрған осынау шақта Алаш өрені хансыз, ел басқарар егесіз отырды деу ақылға сия ма? Сол кезеңде қазақтың басқан ізін аңдумен қатар өзге елдермен болған соғысы мен арақатынасын жіті қадағалап, жазып отырған орыс жазбагерлері осы аралықтағы хансыз қалған біздің халықтың жай-күйін неге жазбаған? Себебі бұл кезде Есім хан әлі тірі болған.

Бұған 1635 жылы жазылған «Қазақ Ордасының әміршісі – Есім хан, ал оның ұлы Жәңгір ханзада қара қалмақты билеп отыр» деген орыс жазбалары куә. Онымен бірге монғол халықтарының ұлтшылдық туын көтерген, Жоңғар хандығының уағында бүкіл ұлыс идеологы атанған Зая Пандитаның «Ғұмырбаян» атты еңбегінде «1643 жылдың басында Ойрат қонтайшысы Батыр Есім ханға қарсы жорыққа шықты» деп жазғаны да осы пікірімізді растайды. Кейбір мәліметтер арқылы көңілге қонған сенімге ерік берсек, Есім Тұрсын ханды талқандаған уақыттан кейін ауыр сырқатқа ұшырап, жорық атаулыға қатыспаған. Алайда хандық тізгінді ешкімге бермеген сыңайлы һәм оның көп міндетін Жәңгір сұлтан атқарған.

Жалпы, қазақ әдебиетінде де, тарихында да Есімнен Абылайға дейінгі барлық хандар ғұмыры қалмаққа қарсы өткен соғыспен өріледі. Бұл да, біржақты тұжырым һәм көрсетілім. Әйтпесе, осы екі аралықтағы хандар тек қалмақпен ғана соғысып қоймаған, аталмыш кезең аралығында біздің халыққа басқа сан түрлі жау табылған. Тек оларды зерттеп, кейінгі ұрпаққа кеңінен жеткізуге кешегі кеңес саясаты мен бойларына интернационализмнің рухы сіңген көптеген ғалымдардың бойкүйездігі жол бермей келген.

Біз әдетте қазақ-қалмақ соғысы екі жүз жылға созылған дейміз де, соның нақты датасын атауға келгенде үнсіз қаламыз. Одан соң бүгінгі әр қазақтың ұғымына сіңген, ата-бабаларымызбен сан жылдар жауласқан қалмақтың қандай халық, оның қайдан пайда болған ел екеніне де мән бере бермейміз. Сондықтан да, негізгі айтарымызға көшпей тұрып, оқырмандарға аталмыш екі факт туралы аз-кем мағлұмат бере кетсек пе дейміз.

Аса көрнекті тарихшы һәм жазушы М. Мағауиннің сөзімен айтсақ, қазақ-қалмақ соғысының барысы – бұрынғы-соңғы заманда ешбір халық тарихында болмаған, жауласқан екі халық бір-бірін қырып түгесуді ғана мұрат тұтқан ғаламат майданмен, жүйелі түрде жүргізілген тынымсыз да тыйымсыз кезек -кезек шабыспен атадан балаға, немереден шөбереге, одан шөпшек, туажатқа ауысып, екі ғасырдан астам уақытты қамтыған. Екі халықтың кенеусіз ұрыстарының басы 1520 жылдары басталып, ара-тұра үзілістермен (1771 жылғы «Шаңды жорық» соғысын есептемегенде) 1758 жылға дейін созылған. Сонда, біздің бағамдауымызша, екі ғасыр аралағындағы аласапыранда қазақ жазған өсудей-ақ өскенімен, сонша сандық көрсеткіште өшіп те отырған. Демек, осы екі ғасырда кері кетпесе, қазақта ешқандай да демографиялық өсім болмаған. Байыптаған кісіге бұдан өзге ауыр қасірет бар ма…

Екінші, Жоңғар хандығының пайда болуы хақында: Біз қалмақ деп атаған монғол текті бұл халықтың өзіндік аты – Ойрат. Шыңғыс хан тұсында белгілі болған жауынгер Ойрат қауымы ХIII ғасырдың алғашқы жартысында Алтайдың түстігі мен Қара Ертіс маңына берік орнығады. Шыңғыстың ұлы Төленің билігі тұсында монғол ұлысының сол қанатын құрайды. Сол қанатты құраушы қауымды монғолдар «зұңғар» деп атаған. Жоңғар атауы осы «зұңғардан» шыққан. 1420 жылдары Тоған деген Ойраттардан хан шығып, бүкіл ұлысты бір тудың астына біріктіреді. Содан көп жылдар бойы Алтын хан елімен, Халха жұртымен, шығысындағы қытайлармен ұзақ уақыт текетіреске түседі. 1457-58 жылдары Моғолстан билігіндегі Жетісуға, Әбілқайыр құзырындағы Шу мен Сырдария бойына дейін шабуыл жасап, мол мал-мүлік олжалап қайтады. Олардың түркі қауымына алғаш шапқаны осы кез.

ХYI ғасырдың алғашқы ширегінің бастапқы жылдарында Ойраттар Моғол ұлысын қиратып жеңеді. Бұрын талай жыл арада қалқан болып келген Моғолдардың Шығыс Түркістан тарапындағы жерлерін иеленген соң Ойраттар қазақ елімен бетпе-бет келеді. Сөйтіп, 1520 жылдары Тайыр хан кезінде алғаш рет Қазақ Ордасы мен Ойрат арасында қақтығыс басталады. Осы қақтығыстың арты зор майдандарға ұласады. Алаштың Тәуекел, Бұйдаш хандары кезінде де бірнеше жойқан ұрыстар болады. Тарихта екі елдің 1585-ші, одан соң 1607 жылғы соғыстары ерекше таңбаланған. Бірақ жеңіс әркез қазақтар жағында болған.

Есім хан 1619-шы және 1627-шы жылдары Ойраттарға тегеруінді соққы бергені сондай, Қара-Құла, Байбағыс сиқты тайшылар басқарған Ойрат ұлысының быт-шығы шығады. Бір бөлігі Енесейге, Обьқа ауады, торғауыт руы басқарған бір бөлігі батысқа жылжиды. Бірақ тумысынан соғысқұмар, есі кірген баласынан еңкейген кәрісіне дейін өмірлерін шайқаспен өткізуге көндіккен Ойраттар құрып кетпейді. Батысқа беттеген торғауыттар жанкештілікке салынап, Еділ-Жайық арасын жайлаған ноғайларға қарсы соғыс бастайды. Құты қашқан ноғай ордасын әлденеше мәрте ойсырата жеңіп, айналасы он-он бес жылда ежелгі Алтын Орданың қақ жүрегінде жаңа бір қалмақ хандығын орнатады. Ата жұрттан жырындалған осы бір хандық-қауым содан шығыстағы қандастарынан бөлек, жүз елу жыл бойына қазақтың қақ желкесінде отырған қатерлі дұшпанға айналды.

1635 жылы Қара-Құла қайтыс болғаннан кейін оның ұлы Хото Хицин Батур (қазақ тарихында Батыр) қонтайшы ойрат, шорас, хошауыт, дүрбіт тайпаларының негізгі бөліктерін біріктіріп, жаңа Жоңғар хандығының туын көтереді. Батыр қонтайшы бұрын тағдырдың тезімен әр жаққа бытырап кеткен басқа туыстарын өз қарамағына қаратып алуда зор еңбек сіңіріп, айналасы төрт-бес жылда Жоңғар мемлекетін күшті елге айналдырады. 1640 жылы Тарбағатайда бүкіл монғол жұртының құрылтайын шақырады. Оған ойратпен қоса жеті қосын халха, Еділге өтіп кеткен торғауыттардың да бірсыпырасы қатысады. Сөйтіп әмбе монғол-халха жұрты ортақтасады. Осыдан соң білек күші толысқан, қарымы ұзарған Батыр қонтажы бұрынғы бабалары салып кеткен жолды жалғастырып, 1643 жылдың соңына қарай, қақаған қыста Қазақ Ордасына жорық бастайды. Міне, осы кезде оның қуат-қарымы зор шерігіне қарсы тұру – Алаштың жағы ханы Жәңгірдің маңдайына жазылады.

Әлбетте, Жәңгірдің қалмаққа қарсы алғашқы соғысы бұл емес-тін. Ол Есімді сырқат басып, өзі ел басшы сұлтан ретінде ел мүддесі үшін күреске түсуге мәжбүр болған кезде де онымен талай жағаласқан. 1635 жылы Жәңгір сұлтан баяғы Есім хан шапқыншылығы уағында қазақтың құзіретін мойындап, оның жартылай тәуелділігіне кірген дүрбіттің бір бөлігін басқаратын Далай тайшымен тізе қосып, батыстағы Хо-Өрлік бағынысындағы торғауыттарды шабады. Біріккен қол ноғайларды талқандаған, башқұрттарды бостырған, соның нәтижесінде Жем, Жайық бойын еркін жайлаған торғауыттарды аса үлкен шығынға ұшыратып, Еділ тарапына қарай ысырып тастайды.

Арада жарым жыл өтпей жатып, Батыр қонтайшы бір мезетте қос тараптан әскер шығарып, қазақтарды қыспаққа алады. Батыр қонтайшы шығыс жақтан шапса, күні кеше қазақтармен бірге торғауыттарды шапқан, одан соңғы жерде бар Алашпен бейбіт тұруға келісімге келген дүрбіт пен шорастың ант бұзған топтары теріскей-батыстан тиеді. Шабуылдың тұтқиылдан болғаны себепті мол әскер жинай алмаса да, Жәңгір қолда бар сарбаздарымен жаумен үш күн бойы табандасқан ұрыс жүргізеді. Ақырында, сандарының көптігінен жау жағы үстем шығып, қазақтар жеңіліс табады, Жәңгір хан тұтқынға түседі.

Жәңгірдің тұтқында қанша уақыт болғаны және одан қалай құтылғаны хақында мәлімет жоқ. Тарихи құжаттарды оның тек біз жоғарыда айтқан 1643 жылғы хан кезіндегі соғыстары баяндалады. Осы ұрыс қыстан өтіп келесі, 1644 жылдың жазына дейін жалғасады. Кейбір деректерде Батыр әскерінің ұзын саны елу мыңға жеткен делінеді. Қазақтар да бұдан кем қол жинамаса керек. Алты-жеті ай бойы жүрген соғыс бастапқыда итжығыс түскен көрінеді. Жаз ортасына қарай басымдық қазақтар жағына көшіп, Жәңгірдің жеңісімен аяқталады.

1644 жылдың соңында қалмақтарға елшілікке барған Г.Ильин ойрат батырларының өз ауыздарынан естіген мынадай әңгімені жазып қалдырған. «Жәңгірдің мылтықпен қаруланған алты жүз әскері бар екен. Сол әскерді көрген соң біз кері шегіндік». Бір айта кететін нәрсе – кейбір тарихшылар мен жазушылар осы деректі басшылыққа алып, Жәңгір Батырға қарсы алты жүз адаммен ғана аттанып, Орбұлақ маңында жеңіске жеткен деп, болымсыз пікірді алға тартады. Тіпті, олар осындай тұжырымды халық санасына сіңдірмек ниетпен бірнеше мақалалар мен кітаптарға да арқау етті. Ойлы кісі алты жүз кісі елу мың әскерді жеңеді дегенге сене ме. Әлбетте, ол заманда кез келген сауытты бұзатын, гүрсілі жер жаратын мылтықтың найза-қылышқа қарағанда әлдеқайда зор соғыс қаруы болғанын жоққа шығаруға болмас.

Дегенмен ол кездегі мылтық қазіргі автомат мен толассыз оқ ата алатын винтовкалар сияқты емес еді. Бір атқан соң оны екінші рет оқтауға қилы уақыт кететінін әлгіндей жазбагерлердің ойламайтыны өкінішті. Қазақтар бір атып, мылтықтарының ұңғыларына ұзын темірді сұққылап, оқ-дәрі салғанша мыңдаған қалмақ қарап тұра берген бе дерсің. Былайғы ұрыстарға түмен-түмен әскер шығаратын Жәңгір, тап осы соғысқа алты-ақ жүз атарманмен аттанды деу әрі күлкілі, әрі оның бедел-қасиетіне нұқсан келтіретін сөз емес пе. Құзырындағы саны үш миллионға жететін қазақтан алты жүз ғана шерік жинаған ханда қандай қасиет бар?

Бұл соғыстың барысын біз жаңа айтқан Ильиннің басқа әңгімелерінің астарынан анық аңғаруға болады. Ол: «Жәңгір жау жолындағы екі таудың аралығындағы тар өткелдің екі жағына терең ор қаздырып, мылтықты үш жүз кісіні соған отырғызады да, қалған үш жүзін алдыңғы тосқауылға қояды». Осылар жақындап келген жауға оқ боратқанда, қалмақ жағының алдыңғы шебі қырылып қалды. Соңындағылар әбігерге түседі. Сол замат Жәңгір қалың әскерімен қалмақтардың артынан соғады. Бұған қоса, Самарқаннан жиырма мыңдық қолмен көмекке келген Жалаңтөс баһадүрдің де бұл майданда жеңіске қосқан үлесі мол.

Қайткенде де Жәңгірдің сол заманда өз жауынгерлерінің алты жүзін болса да, отты қарумен жарақтандырғаны, негізгі әскерінің бір бөлігі болып табылған солардың арқасында жеңіске жеткені зор тарихи оқиға. Жәңгірден кейінгі қазақ хандары көп уақыт осындай қаруға қол жеткізе алмағандары тағы бір үлкен өкініш.

Жәңгірдің тарихта таңбаланған және бір айтулы ісі – оның Бұқардың Нәдір-Мұхамед ханымен бірігіп, Үндістандағы ұлы моғол падишахы Шах-Жаһанға қарсы соғысы. Ол аталмыш соғысқа жүз мың әскер қосқан. Бұл шайқастың негізгін түйіндеуші де қазақ аламандары болыпты. «Қазақтардың шапқыны нәтижесінде Мәуреннаһр мен Балх елдері мүлде құрып кете жаздады» деп жазды бұл жайында пәнджабтық тарихшы Қожамқұлұлы бек.

Сөз соңында Жәңгірдің өлімі туралы да пікір айта кетелік. Бұл хақында біздің базбір жазармандар өз халқының мәртебесін көтеріп, бүйрегі бауырларына үнемі бұра тартып тұратын қалмақ жазбагері Зая Пандитаның «Ғұмырбаян» атты еңбегінде «Соғыста Өшірті-Шешен ханның он жеті жасар ұлы Ғалдама Жәңгір ханмен жекпе-жекке шығып, оны өлтірді» деп жазғанына құлай сеніп, осы оқиғаны әдеби желіге сала, құлаш-құлаш бет жазды. Содан Жәңгір қалмақтың бозөкпе баласының қолынан өлді деген дерек тарихи әдебиеттерде өзгерместей болып басылып кетті.

Бірақ анығанда солай ма? Қай заманда бір елдің бетке ұстар басшысы, жұртын құзырында ұстаған ханы соғыста бірінші болып жекпе-жекке шығыпты? Бұдан кейін қосынында ортаға ат ойнақтатып шығатын қатардағы ерлері тұрғанда жат түгілі, өз халқына танылып үлгермеген он жеті жасар бозбаламен атағы алысқа жайылған Жәңгір тәрізді құдіретті хан жекпе-жекке шыға ма? Қисын, ата жоралғысы, соғысатын тараптардың арасында жекпе-жектің қалыптасқан шарты қайда? Соңындағы сарбаздарын ертіп, жаппай шайқасса кіріссе, бір сәрі дерсің, ал енді, сайыпқыран ханды оң-соңын танып білмеген жастың қолынан бірме-бір айқаста өлтіру – Жәңгір сынды ұлы бабамыздың әруағын келемеждеу емес пе?! Ақиқатында, Жәңгір осы соғыс барысындағы жаппай жанталас кезінде қаза тапқан.

Қалай десек те, 1643 жылдың ерте көктемінде таққа отырып, 1652 жылға дейін хандық құрған, қазақ үшін жанталасты кезең атанған дәуірде халқын мерейлі жеңістерге сүйрелеген, «Айбынды» деген атауды білдіретін ныспымен Салқам Жәңгір атанған әруақты атамыздың өмір жолының белгісіз, шатастырыла бұрмаланған, әлі де жете айқындалмаған тұстары көп.

 

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
жазушы, Қазақстан педагогика академиясының профессоры

«Оңтүстік Рабат», №26, 01.07.2015