Шымкент-Ташкент тасжолын салып жатқан жұмысшылар жалақысын алды. Өткен аптада айлықтарының 15 күнге кешіктірілетінін естіген олар наразылық танытып, бір күнге жұмысын тоқтатқан. Таяуда қытайлық құрылыс компаниясының басшылығы туындаған еңбек дауына қатысты журналистердің басын қосты.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=AlBFV17fSRA[/youtube]
Алдымен аванспен береміз деген басшылар жалақы мәселесін тез арада шешкен. Жұмысшылардың айлығын беру үшін қосымша қаражат көздерін қарастырыпты. Компания өкілдері елімізде 3 жыл бойына үш бірдей жобаны іске асырған аралықта жалақыға қатысты мұндай даудың болмағанын айтады. Банктегі техникалық түйткілдер болмағанда әдеттегідей жұмысшылар айлықты дер кезінде алатын еді дейді.
Жұмысшылардың наразылығына жалақының 15 күнге кешіктіріліп берілетіні туралы хабарландыру себеп болған. Алайда жағдайды ушықтармас үшін компания басшылығы араға бір күн салып, мәселені ретке келтірді.
Бұл жұмысшылардың айтуларынша, басшылық техникалық ақауларды алға тартып, жұмысшылардың қалтасына «түсіп» отырған. Алайда, жауаптылар материалдық шығындар тек сот арқылы ғана өндірілетінін айтып, өздеріне шаң жуытпады.
Қытай тілін білмегендіктен басшылардың тапсырмасын түсіне алмай дал болған жұмысшыларға бірден іске кірісіп кету де қиын болған. Алайда, бұл мәселе де аудармашылар арқылы шешімін тапқан сыңайлы.
Сондай-ақ компания басшылары жұмысшылардың тамағына да жіті көңіл бөленетінін айтып отыр. Қосалқы мердігер компания қазір мұндағыларды арнайы мәзір бойынша тамақтандыруды мойнына алыпты.