Шымкенттік зоосаябақ үшінші мегаполистің бренді болуы тиіс. Оған мүмкіндіктер жетерлік. Қазір демалыс орнындағы қайта құру, көріктендіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын көру үшін қала басшылары осында арнайы келді.
Шымкент зообағы республикамыздағы бірегей жануарлар бағына айналады. Бүгінде Африка және тұяқтылар аймағындағы қайта жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңін аяқтауға 90 млн теңге бөлінген. Ал құзды беткейдің құрылысына 129 млн теңге қажеттігі ұсыныс ретінде беріліп қойған. Сала мамандары екі жыл бұрын басталған ауқымды жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады дейді.
Жақында Шымкент зообағы 8 түрлі жаңа аңмен толықты. Жаңартылған саябаққа одан басқа да аңдар сатып алуға қала бюджетінен 31 млн теңге бөлінген. Мұнда келушілерге қызықты болсын деген зообақтың басшылығы өз қорларынан да қаржы бөліп отыр. Алдағы уақытта сирек кездесетін аңдарды да алып келуді ойластырып қойыпты.
Қала басшылары осы жұмыстарды арнайы барып көріп қайтты. Осында құрылысты қыздырып жатқан үш мердігер мекеме мамандарымен кездесіп, жұмыстарын ширатуды, керек болса, жұмысшы санын көбейту қажеттігін баса айтты. Себебі хайуанатар бағы шымкентік бренд болуға әлеуеті бар нысан. Кезінде оны ашудағы мақсат та сол болатын.
Нұрлан Жаңабай