Қазақстан парламенті сенатының депутаты Әли Бектаев Оңтүстікте жүр. Депутат іс-сапар барысында Бәйдібек және Ордабасы ауданындарының тұрғындарымен кездесіп, «100 нақты қадам» ұлт жоспарын егжей-тегжейлі талқыға салды. Одан бөлек қарапайым халыққа заң жобаларының қабылдануы және қабылданған заңнамаға өзгеріс енгізу тәртіптерін тереңінен түсіндірді.

001

Сондай-ақ, қалың көпшіліктің талап-тілектеріне құлақ асып, шешімін таппай жатқан сауалдарды заң аясында қарастыруға уәде етті. Әкімшіліктің жаңа ғимаратында алғаш өтіп жатқан жиынға жиналғандардың қарасы қалың.

Депутат Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспары бойынша атқарылатын жұмыстар жүйесін тізбектеуден бастады. Соның бастыларының бірі — бастапқы 15 қадамда қаралған мемлекеттік қызметкерлердің сауаттын арттыру турасында өрбіді. Білімсіз, жұмыс істеуге зауқы жоқ кадрлар жұмыстан шығарылып, орнына тірлігі тиянақты адамдар еңбекке тартылады депутат.

Енді әкімдерден бөлек министрлер де халық алдында есеп береді. Ешқандай құпиялыққа жол жоқ. Атқарылған әрбір іс премьер-министрдің қадағалуымен құрылған ұлттық комиссия мүшелерінің жіті бақылауында болады. Сондай-ақ, реформа аясында еліміздегі орта деңгейдегі отбасылардың санын арттыру да қарастырылған. Осы жоспар толығымен орындалатын болса, елдің әл-ауқаты артып, жұмыссыздық саны азаятыны анық.

Әли Әбдікәрімұлы банк жүйесіндегі несиелендіруге көңілі толмайтынын ашық айтты. Себебі, олардың жұмыстарында жариялық жоқ, ұлттық қордан бөлінген қаражат соңғы тиынына дейін халыққа үлестірілуі шарт дейді. Сондай-ақ мал бағатын жайылымдардың мәселесін қарастырып, оны шешуде аудан әкімінің де қол қусырып қарап отырмауын баса айтты.

Сенатор Шаян ауылындағы дене шынықтыру кешенінің құрлысымен де танысты. 2014 жылы іргетасы қаланған нысанның жұмысы қаржының тапшылығынан уақтылы аяқталмай отыр. Егер қаражат қолға тисе, 2 ай ішінде нысанды пайдалануға берер едік деп ақталды жауаптылар.

Кезекті жиын Ордабасы ауданында жалғасты. Онда да ұлт жоспары талқыға түсті. Әлеуметтің әлеуетімен танысқан депутат келесіде көтеретін мәселелерін түгендеп алды.

Ғалым Кенжебек