Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жаңа жадігерлермен толығып жатыр. Анығырақ айтсақ, мәдени ошақта Конституция күні қарсаңында жаңа көрме ашылмақ. Мұнда өңірміздегі құзырлы орган өкілдерінің, жылдар бойы сот алқасында қызмет еткен судьялардың естелік-дүниелері қойылуда. Оның ішінде ардагерлердің қызметтік киімдері, құнды құжаттары мен алған марапаттары бар. Фотосуреттері де мәртебелі айдарда ілінеді.
Сот қызметкерлерінің өмірбаяны мен өңірімізге сіңірген еңбектері де ерекше аталып, көрме залының естелік парақшаларына жазылуда. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, аталған дүниелерді иелерінің өздері әкеліп тапсыру үшін мамандар арнайы сұраныс хат жолдаған. Енді бастаманы құп көргендері заттарын тарихи орынға қуана тапсыруға кірісіпті.
Гүлнәз Шекербекова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері: «Жаңа залымызға жәдігерлерді жасақтау оңайға түскен жоқ. Ауыл-аймақты аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өз еріктерімен дүниелерді жинақтадық Ал мекемелерге арнайы сұраныс хат жолдадық. Осылайша иелерімен сұхбат жүргізіп, олардың өмірбаяны, өмірдерегі, жәдігерлері, жалпы естеліктерін біліп, оны осында жазып ұсынып отырмыз. Көпшілікте мұражайға тек бақилық болған адамдардың заттары қойылады деген ой қалыптасқан. Мүлдем олай емес, өңірге еңбегі сіңген, аса құрметті жандардың дүниелері төрге ілінеді».
Айта өтейік, бүгінде 95 жылдық тарихы бар өлкетану мұражайының 93 мыңнан аса жәдігері бар. Оның 2292-сі соңғы жарты жылдықта жинақталған. Ал Конституция құрметіне арналған көрме залы 28 тамыз, жұма күні ашылып, көпшілік назарына ұсынылады деп жоспарланыпты.