Өлкетану мұражайында Конституция күніне көрме ашылды

626

«Азат елдің ар-намысы — Ата заң». Бүгін облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Конституция күні қарсаңында осындай тақырыптағы көрме ашылды. Оған «Қасым ханның қасқа жолы мен «Есім ханның ескі жолынан» сыр шертетін жарғы-ережелерден бастап бүгінгі қоғамға тиесілі заңның жинақтары қойылған.

Бұған қоса өңіріміздегі құзырлы орган өкілдерінің, жылдар бойы сот алқасында қызмет еткен судьялардың естелік-дүниелері де жайғастырылыпты. Оның ішінде ардагерлердің қызметтік киімдері, құнды құжаттары мен алған марапаттары да осы жерден табылды.

Өмірбек Теміров, облыстық ардагер судьялар кеңесінің төрағасы: «Өте қуаныштымын. Мұндай мұражайдың төрінен менің еңбектерім, өміржолым орын алады деп күткен жоқпын. Мені лайық деп тапқандары үшін рахмет! Бірақ осы заң саласында қызмет еткен 42 жылым үшін мақтанамын. Судья болу — ол заңның құзыретін халыққа түсіндіру, оны қолданысқа енгізу. Ең бастысы, көпшілікті Ата заңға бағындыру».

Гүлмира Лазар, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ақпарттандыру бөлімінің басшысы: «Төле би, Қазыбек, Әйтеке биден бастап, 1937 жылғы ең алғашқы Қазақ КСР-да қабылданған Конституция, 1978 жылғы және 1993, 1995 жылғы аАа заңымыздың жәдігерлері қойылған. Мұны бір күнде емес, жылдар бойы жинақтадық».

Айта өтейік, бүгінде 95 жылдық тарихы бар өлкетану мұражайы 93 мыңнан аса жәдігермен толыққан. Оның 400-і Ата заңның құрметіне ашылған осы көрме залына тиесілі.