Биылғы жаңа оқу жылына Шымкенттегі барлық білім ошақтары түгелдей дайын болмай шықты. Қазір №44 мектепте мердігер әлі күнге дейін күрделі жөндеумен жанталасып жатыр. Ондағы құрылысшылар облыс әкімі алдында берген уәдесін осылайша орындай алмауда. Ал негізі, қабылдау комиссиясы 25 тамызда барлық білім ошақтарын тексеріп, дайындығын тиянақтауы тиіс еді.
Биыл Шымкент қаласындағы 24 білім мекемелерінде күрделі жөндеу және қайта құру жұмыстары жүргізілді. Соның бірі — №44 мектеп жұмысқа 98 млн теңге қаралған.
Ғани Достаев, «Стройсервис Ернұр&К» ЖШС шебері: «Қазір біз құрылыс орнын жуып-шайып жатырмыз. Оған қоса ішкі парталарды кіргізіп, орналастырып жатырмыз.»
Биыл күрделі жөндеу жұмысы басталған 6 мектептің тек біреуі ғана 25 тамызда белгіленген датада құрылысын аяқтап, оқушы қабылдауға әзір отыр. Бұл №41 мектеп. Мұндағы күрделі жөндеу жұмысы үшін 90 млн теңге бөлініпті.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=g7qT6o6D1zc[/youtube]
Жалпы, биыл қаладағы 6 мектеп пен 7 балабақшаға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыс, қала қоржынынан 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті. Тап осындай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Дегенмен, жайбасар жүріске салынған мердігерлердің қомақты қаржыны игеруі былай тұрсын, тірлікті мерзімінде тындыруы қиындап отыр.
Ал қала әкімі жаңа оқу жылына даярлығы нашар деп танылған №44 мектеп пен кестеден кешіккен №25 білім ошағына 30 тамыз күні кезекті рет бас сұғып, бақылап көретінін мәлімдеді. Бұған дейін де олардың құрылысымен танысқан шаһар басшысы мердігерлерге қатаң талап қойған болатын.
Нұрлан Жаңабай