28 тамыздан бастап жергілікті «Қазпошта» АҚ мекемелерінің жанынан валюта айырбастау орындары жұмыс істейді. Бұл туралы акционерлік қоғамның ОҚО филиал басшысының есептік жиынында мәлім болды.
Жыл аяғына дейін өңірдегі «Қазпошта» мекемелерінің бесеуінде осындай орындарды іске қосу жоспарланып отыр. Ұлттық банк пен «Қазпошта» арасындағы келісім аясында бұл мақсатқа тиісті қаражат та қаралып қойыпты. Филиал басшысы бұл шара валюта нарығындағы бағаны тұрақты ұстап тұруға маңызды деп отыр.
Жиында пошташылардың жалақысы да сөз болды. Қазір пошта тасушылардың еңбекақысы орташа есеппен 30-40 мың теңге көлемінде. Ал ауылдық елдімекендерде олардың жалақысы тіпті аз.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=G4ClIMy4wB8[/youtube]
Сондықтан пошта қызметкерлеріне ай сайынғы кірісті көбейтуіне жол ашылып отыр. Бүгінде облыста «Қазпошта» мекемесі арқылы 1,5 мыңға жуық газет-журнал таратылады. Оның 20 пайызы — шетел асып келіп жатқан басылымдар.
Әрине, мерзімді оқу құралдарының өзі оқырман қолына уақтылы жетеді деп айту қиын. Қалам ұстаған қауым филиал басшысының алдына осы мәселені де көлденең тартты. Ал филиал жетекшісінің әзірге жұртты бірлесе жұмыс істеуге шақырудан өзге шарасы жоқ.