Дархан Сатыбалды «Қазпошта» АҚ төрағасымен кездесті

42

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Қазпошта» АҚ  басқармасының төрағасы Әсел Жанасовамен кездесті. Аталған кездесуде облыс бойынша поштаның қызмет көрсету сапасын жақсарту, операторлардың жұмысын цифрландыру туралы меморандумға қол қойылды.

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова ауылдық жерлердегі поштаның қызметі кеңейетінін атап өтті. Қазіргі уақытта Түркістан облысы бойынша поштада мыңнан аса адам еңбек етеді. Ал пошташылар саны 350-ге жуық. Сондықтан алдағы уақытта бұл саланың қызмет сапасын арттырып, өңірдегі жаңадан бой көтергелі жатқан пошталардың деңгейін әлемдік стандарттарға сай етіп салу жоспарлануда.

«Осы жылдан бастап ауылдардың бөлімшелерін бәрін жаңадан саламыз. «Самұрық қазына» қаржы бөліп отыр. Почта емес, комьюнити-орталық болады. Медицина, адамдарды қосымша оқытатын программа бар онлайн. Почта немесе мектеп, электронды коммерцияға дайындайтын «ауылдан сатып ал» деген программамыз бар. Онда логистика жеткізетін адамдар үйретіледі. Сол ауылдардан бастаймыз»,-деді «Қазпошта» АҚ басқармасы төрағасы Әсел Жанасова.

Қазіргі уақытта Түркістан облысы халық көп шоғырланған аймақ болып табылады. Сондықтан мұнда мемлекеттік қызметтерді үздіксіз жүргізіп отыратын пошталық қызметтер қажет. Сала мамандары болашақта ауыл аймақтарда жаңадан пошта орталықтары бой көтеретінін алға тартып отыр.

«Түркістан – халық ең көп орналасқан жер. Халқы көп, табысы төмен. Бірақ ерекшеліктеріміз бар, көпбалалы аналардың барлығы осы жерде. Халқы ауыл шаруашылығымен айналысады. Белсенді, еңбекқор»,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Айта кетейік, пошталық қызметке жөнелтілімдер жіберу, республика бойынша қомақты және ауып салмақты жүктерді тасымалдау, газет-журналға жазылуды рәсімдеу, коммуналдық және төлем карталарын рәсімдеу жатады.