Ұлы Абайға — 170 жыл

533

10 тамыз — Қазақтың ойшылы, пірі, мақтанышы, ұлы Абайдың туған күні. Халықтың рухани әкесі, ғасырлық мұра қалдырып, ізгілік пен данышпандықтың үлгісін көрсетіп кеткен ақынның биыл 170 жылдық мерейтойы елімізде кең көлемде аталып өтілуде.

003

Шымкентте де солай. Қамыздағы Абай ескерткішінің алдына осы күні 500-дей адам жиналды. «Абай есімі — мәңгілік» атты іс-шараға М.Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің студенттерінен құралған ансамбль мүшелері сәні мен салтанатын жарастырып, ән айтып, ақынның қара сөздерін оқыды.

Сондай-ақ «Хакім Абай» атындағы 200-ге жуық жәдігері бар мұражай қонақтарға түнгі 23:00 ге дейін қызмет көрсететінін жариялады.

Бүгінде Абайдың ақындық және хакімдік мұрасын насихаттайтын «Әдеби әлем » порталы жұмыс жасайды. Бүгінгі күні тағы бір құнды дүние жарық көрді. Осы шарада ағартушының нақыл сөздері жазылған кітапшалары таратылды. Зиялы қауым қазақ елін төрткүл дүниеге танытқан тұлға үшін бұл дәріптеудің өзі тым аз дейді.

Әлемдік әдебиет арқылы қазақты жаһанға танытқан хакімнің 170 жылдық мерей тойы елімізден тысқары жерлерде де атап өтілуде. Атап айтсақ, Мәскеудің қақ төрінде орнатылған ескерткіш еш елеусіз қалған емес, ал Қытай астанасы орталығында Абайдың ескерткіші орнатылды. Ташкент қаласында Абай оқулары ұйымдастырылып, өзбек тілінде ақын туралы кітап жарық көрді.

Мерекелік шарада Абайдың әндері айтылмай қалған жоқ. Қара сөздерін оқып, әндерін шырқауға ықыласын білдірген жастардың бары қуантады.