Өңірімізде алимент төлеушілер қатары көбейген. Бұл туралы әділет департаментінің мамандары мәлімдеді. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, биылдың жарты жылында әділет департаментінде алимент төлеуге қатысты 22 067 іс тіркелген. Бұл — өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 5000-ға жуық іске артық. Дегенмен, борышты өндіру көлемі артты дейді мамандар.
Жұмаханов Бағдәулет, ОҚО әділет департаментінің атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету басқармасының басшысы: «22067 атқару ісінің 2015-тің бірінші жарты жылдығында 2930 іс қысқартылған. Оның ішінде борышкер мен өндірушінің келісуі, татуласуы бар. Немесе өндіруі мен борышкердің бірінің қайтыс болуы бар. Немесе балалардың 18 жасқа толуы бар.»
Дегенмен, есепке алынған 22 мыңнан астам борышкердің 1347-і үш айдан бері берешегін төлемеген. Оның ішінде 280 әке ұрпағына тіпті тиын да аудармапты. Қазір бұл іс бойынша ішкі істер қызметкерлері айналысып жатыр.