Бірқатар мектеп жаңа оқу жылына дайын

652

Шымкентте қала мектептерін жаңа оқу жылына қабылдау жалғасып жатыр. Тамыз айының 10-шы жұлдызынан бері арнайы құрылған жұмысшы топ төрт ауданда 70-ке жуық білім ошақтарын аралап шықты.

Олар мектептің тазалығы, сыныптардың даярлығы, кітап қоры мен асхана, спорт залдардың әзірлігін басты бақылауына алған. Таяуда Еңбекші ауданына қарасты №10 мектепте болған комиссия білім ошағының жаңа маусымға дайындығын тиянақтады.

008

Арнайы комиссия 1935 жылы іргетасы қаланған нысан шәкірттерді қабылдауға дайын деген қорытынды жасады. Бұл білім ұясы осыдан 5 жыл бұрын күрделі жөнделген болатын. Ал биыл бюджеттен бөлінген 3 млн теңгеге спорт залы қайта жаңартылып жатыр. Ондағы құрылыс қазан айында аяқталады.

Ильяс Макаев: «Соңғы жылдары білім ошақтарын жаңарту жақсы қолға алынып келеді. Десе де айтар тілегіміз бар. Мысалы, нысанды жөндеу жұмысына тендерді ертерек өткізсе. Мердігер құрылысты уақтылы бастап, межелеген мерзімде аяқтайды.»

Бұдан бөлек қаланың орталығындағы 80 жылдық тарихы бар №9 мектеп ұжымы да биылғы жаңа оқу жылына әзір. Аталған білім ошағында 700 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тірлік тиянақты тындырылған деген тұжырымға келді комиссия. Ал мұғалімдер бірінші қыркүйек білім күніне әзірленуде.

Анар Аманқұлова: «Біз жаңа оқу жылына 100 пайыз дайынбыз. Қолда бар оқулықтардың бәрін сынып жетекшілеріне үлестіріп қойдық. Енді жоқ оқулықтарды күтіп отырмыз.»

Мектептерді қабылдау комиссиясы тамыз айының 25-ші жұлдызына дейін тірлігін тәмамдауы керек. Осы уақыт аралығында білім ошақтарындағы көрсетілген кемшіліктер жойылуы тиіс. Әзірге мамандар айтарлықтай үлкен олқылықты көргеніміз жоқ деп отыр.

Нұрлан Жаңабай