Шымкентте мектеп табалдырығын аттайтын шәкірттердің биыл да қатары қалың. Достық шағынауданындағы №69 білім ұясының ұжымы жаңа оқу жылын үреймен күтуде. Өйткені мұнда бастауыш сыныпқа жазылған балғындардың саны 450-ден асып жығылады.
Ал былтыр бұл білім ұясын 1271 түлек тәмамдап шығыпты. Демек, мектеп табалдырығын жаңадан аттағалы тұрған бүлдіршіндерден бақандай 10 сынып жасақтау қажеттілігі туындап тұр.
Достық шағынауданында тұратын бүлдіршіндер қазір алғашқы мектепке дейінгі дайындығын пысықтап жатыр. Бірақ жаңа оқу жылында олар қай нысанның партасына жайғасатыны әлі күнге белгісіз. Бұған бірінші кезекте ата-ана алаңдаулы.
«Немерем бірінші сыныпқа барады. Сыяды ма, осы жерде оқиды ма, басқа жерде ме, кім біледі? Жаңа мектеп салып жатыр дейді. Оны қашан бітіреді?..»
Бастауыш сынып оқытушыларынан да маза кеткен. Егер де сыныптар лық толы болса, әрбір оқушыға қажетті уақытты бөлу мүмкін болмайды дейді олар.
«Достық» шағын ауданындағы №69 мектепте сынып бөлмелері жетіспейтінін жұрт біледі. Пегагогтар жағдайды реттеуге ыңғайланғанымен, бір қабатты ғимаратқа оқушыларды сыйдыру мүмкін болмай отыр.
Айғаным Егеубаева, №69 мектеп директорының оқу және тәрбие істері жөніндегі орынбасары: «Өткен жылы 1271 бала оқу жылын аяқтады. Қазірдің өзінде 450 бала қабылданды. Біз 10 сынып болады деп болжаудамыз. Мектеп 400 балаға шақталған. Үш ауысымда оқып жатырмыз. Қолымыздан келген барлық амалдарды жасаудамыз.»
Айта кету керек, 1200 балаға шақталған жаңа мектептің құрылысы биыл да басталған жоқ. 9 млн теңгеге жобалық-сметалық құжатты қалалық құрылыс бөлімі жасапты. Осы мектептің жанындағы 3 гектар жер бөлінді. Жаңа мектеп осында салынады деп күтілуде. Білім ошағының құрылысы 2016 жылы басталады. Ол «Нұрлы жол» бағдарламасына енгізілді.
Осылайша шәкірттер биыл тағы да ескі нысанда оқуын жалғастыруына мәжбүр. Өйткені қалалық білім бөлімі оқушыларды тасымалдауға әзірге рұқсат бермей отыр.