Оңтүстікте зияткер оқушыларды дайындайтын мұғалімдер тапшы. Бұл туралы Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры мәлімдеді. Жылына екі-үш рет іріктеу өткізетін оқу ордасының басшысы қатаң талапқа төтеп беретін әрі үш тілді жетік меңгерген оқытушылардың жоғын жасырмайды.
Бұл жолы да ашық конкурс өткізіп, жаңа оқу жылына ағылшын, физика және математика пәнінің мұғалімдерін іздеп жатыр. Іріктеуде 200-ге жуық маман бақ сынап, тест тапсыруда.
Бұл — мектеп оқушыларының емес, оларды оқытатын оқытушылардың сынағы. Зияткер ұрпақ тәрбиелейтін бұл ұстаздарға қойылған талап жоғары. Өйткені Назарбаев зияткерлік мектебінде білім беру жан-жақтылықты талап етеді. Мұндай қатаң сынан өтуге жас маман Нұрғали Рахманқұлов та келген. Ол биыл жоғары оқу орнын тәмамдап, информатика пәнінен сабақ бермек ниетте. Арманы орындала ма, жоқ па, оны тест нәтижесі көрсетеді.
Нұрғали Рахманқұл: «Сұрақтар өте қиын. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Бұл мектепте сабақ беру бақытына ие боламын деп армандаймын».
Айта өтейік, шымкенттегі химия-биология бағытындағы зияткерлік мектебі әлемдегі үздік үштіктің қатарына енген. Түлектері жоғары нәтижеге ие болған білім ордасында елімізден бөлек АҚШ, Қытай, Ресей мұғалімдері жұмыс істейді. Олардың қатарын толықтыру мақсатында жылына екі-үш рет іріктеу конкурсы өтеді. Алайда бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелейтін білікті мамандар табу оңайға түспейтін көрінеді.
Балқан Қасымов, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры: «Жақсы маман табу өте қиын. Үш тілді меңгергендері мүлдем жоқ. Біз талапты жоғары қойсақ та жастарды көптеп аламыз. Олармен жұмыс жасау оңай. Бізде ағылшын, математика пәнінің мұғалімдері тапшы. Жиырма бос орын бар».
Назарбаев мектебіне тек қана мұғалімдер ғана емес, топ жетекшілері мен олардың көмекшілері де қабылдануда. Іріктеуге екі жүзге жуық маман қатысуда. Қатаң талаптан сүрінбей өткендер қыркүйектен бастап зияткерлік мектептің оқытушысы болып қызмет етуге кіріседі. Ал олардың біліктілігін арттыруға мектеп басшылығы барлық жағдай жасамақ ниетте.