Облыста 21 мектепте сабақ үш ауысымда беріледі. Биыл жауаптылар мұндай білім ошақтарының 3-нің мәселесін шешуге уәде етіп отыр. Ал апатты жағдайдағы мектептердің саны биыл 19-ға азайған. Бұл туралы облыстық білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясында айтылды.

001

Бүгінде облыста ғимараты апатты деп танылған 17 мектеп бар. Жауаптылар 2016-2017 жылдары тозығы жеткен білім нысандарының мәселесі толығымен шешіледі деп уәде беріп отыр. Ал саз-балшықтан салынған 35 мектептің орнына және мектебі жоқ екі елдімекенде жаңа құрылысты бастау биылғы оқу жылының еншісінде.

002

Бүгінде облыста 51 мектеп электронды оқу жүйесіне ауысқан. Әрине, заманауи білім беру әдісінің тиімді екенін ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен, мектептерде электронды оқу құралдары тапшы. Себебі 2015 жылдың қаңтар айынан бастап бұл мақсаттағы қаражат қысқартылған. Енді шығындарды ұстаздар көтеруге мәжбүр.

Бүгінде облыста 455 мыңнан астам оқушы бір мезгіл ыстық тамақ ішеді. Алайда, Ордабасы, Қазығұрт аудандарында бұл бағыттағы жұмыстар көңілден шықпайды. Себебі оқушылардың ас-ауқатына бөлінген қаражат аздық етіп отыр. Ал тәуелсіз сарапшылар мектептердегі тамақтандыру мәселесіндегі олқылықтарға билік назарын аудармақ болды. Олардың пікірінше, бұл ретте мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастырудың жөні жоқ. Себебі, кәсіпкерлер бұл шаруаның үдесінен шыға алмай отыр.

Жиында білім беру саласының жетістіктері мен олқылықтары ортаға салынды. Жаңа оқу жылына дайындық та пысықталды. Мұғалімдерді тыңдай келе облыс әкімі өз қортындысын жасады. Өңір басшысы жауаптыларға бұдан былай мектептердің рейтингісін жасауды тапсырды. Бұл білім нысандарына баға беретін бірден бір көрсеткіш болмақ.

Жиын соңында үздік қызметкерлерге сый-құрметке көрсетілді. Оларға білім министрлігінің және облыс әкімінің марапаты тапсырылды.

Мақпал Рысбаева