Шымкентте 26 мыңнан аса мектеп оқушысы әлеуметтік көмекті қажет етеді. Оның басым бөлігі қалаға Сайрам ауданынан қосылған ауыл балалары.
Бүгін сол балалардың 100-і «Мектепке жол» акциясы арқылы киім-кешекпен қамтылды. Сайрам тұрғын алабындағы 7 мектептің оқушыларына демеушілер көмек көрсетілді.
Фариза Тахболатова биыл 3-сыныпқа барады. Бірінші қыркүйекті асыға күткен балдырған мектепке дайындаған ел ағаларына дән риза. Сыйға тартылған сөмкені ашып, оқу-құралын, мектеп формасын түгендеп шықты.
Фариза секілді жүз оқушы дәл осындай сыйлыққа ие болды. «Мектепке» жол акциясына белсене қатысқан демеушілер әр оқушының көңілін аулауға барын салды.
Айта өтейік, шымкентте 26 мыңға жуық балдырған әлеуметтік көмекке зәру. Сала мамандарының айтуынша, жаңа оқу жылына дейін үш мыңға жуық балдырған акцияның шарапатынын көру керек. Оған 27 млн теңге жұмсалады деген жоспар бар. Ал ел ертеңі жастарды бүгіннен қамқорлығына алған алдыңғы толқын ауыл ақсақалдарының алғысын арқалады.
Демеушілік көмектен бөлек акция аясында жалпыға білім беру қорынан 7 мыңға жуық балаға қаражат бөлінді. Қор есебінен 4170 оқушыға 10 мың теңгеден үлестірілді.
Нұрлан Жаңабай