Сарыағаш ауданы жырты жылдықты жақсы нәтижелермен аяқтады. Аудан әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша облыста алғашқы үштікке енді. Әсіресе, ауылшаруашылығы саласы көш бастап тұр. Оған өңірдің экономикасын көтеріп отырған өндіріс орындарының артуын тағы қосыңыз.

Бірақ, халықтың әлеуеті артпаған. Мұны аудан әкімі Бұхарбай Парманов мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, ауданда ауызсу мәселесі шешімін таппаған. Ол аздай, көгілдір отынмен қамтылмаған тоқсан елдімекен бар.

006

Сарыағаш ауданында 154 елдімекен бар. Оның 42,2 пайызы ауызсумен қамтылған. Яғни 65 ауыл тұрғындары ғана тұрақты су ішеді деген сөз. Ал қалғандары тіршілік нәрінсіз отыр. Тасып ішеді немесе сатып ішеді.

Мұны аудан әкімі де мойындайды. «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы ауызсу құбыры тартылған ауылдардың тең жартысында су шықпай қалған. Тағы да қосымша жоспар түзіліп, жерасты су қорын барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, аудандағы тоқсан ауыл-округте көгілдір отын жоқ. Десе де, аудан басшылығы газбен қамту құрылыс жұмыстарының 2017 жылы аяқталатынына сенімді. Биылдан бастап 20 нысанның құрылысы басталыпты. Екі жылдан кейін 55 елдімекенде көгілдір отын болады деп сендірді аудан әкімі.

Есесіне ауданның экономикалық ахуалы тұрақты. Сарыағашта кәсіпкерлер саны күннен күнге көбейіп, кәсіпорындар қатары артқан. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін арнайы рейтинг жасалып, 22 бағыт белгіленген. Онсыз да жылыжайымен көш бастайтын шаруалар мал шаруашылығын дөңгелетіп үйренген. Әр ауыл округінде селолық тұтыну кооперативі құрылып, кәсіпкерлерге жеңілдіктер жасалып жатыр екен. Өңірде индустрияландыру картасына енген 6 жоба жұмысын бастамақ.

Сарыағаш ауданында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында екі мыңға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – биылғы алты айдағы көрсеткіші. Оның ішінде өздігінше жұмыспен қамтылғандар мыңға адамға жуық.

Ал жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бағыты бойынша 1178 тұрғын тұрақты қызметке орналасқан. Соңғы алты айда 117 әлеуметтік жұмыс орны ашылыпты. Жастар практикасына 85 жас жолданған. Ақылы қоғамдық жұмысқа 466 азамат тартылыпты.