Енді Шымкенттік ұстаздар шетел асып, тәжірибе алмасатын болды. Білімді ұрпақ тәрбиелеуде оның қажеттілігі түсіндірілді. Ал жаңа оқу жылы патриоттық тақырыптағы ашық сабақтан басталады. Ол «Қазақстан-Отаным» деп аталады.

Мұндай шешім қалалық тамыз конференциясы барысында қабылданды. Айта өтейік, биыл қаладағы 126 мектепте 147 361 оқушы білім алады. Ал бірінші сыныпқа 20 мыңнан астам бүлдіршін барады.

010

Шымкент қаласы ұстаздарының тамыз жиыны әдеттегіден өзгерік өтті. Жүздеген мұғалім әкімшілік-іскерлік орталығындағы «Түркістан» сарайына жиналды. Кездесу басталмас бұрын шаһардың жаңа басшысы Ғабидолла Әбдірахымов мектеп оқушыларының жетістіктерін баяндайтын көрмені аралап шықты.

Мінбеге алғаш болып көтерілген қалалық білім бөлімінің басшысы салада атқарылған шаруаларын баяндады. Жасыратыны жоқ, биыл Шымкенттің оқушылары ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсеткен. 81 оқушы «Алтын белгі» тағынды. Сондай-ақ, апатты мектептердің саны азайған. Биылдың өзінде 24 білім мекемесі күрделі жөнделген.

Өткенді қорытып, жаңа оқу жылына жоспар құрған жиында қала басшысы тың бастаманы көтерді. Бұдан былай кадр мәселесі қатаң қадағаланбақ. Білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін ұстаздардың тәжірибесін арттыруды көздеп отырғанын айтты. Ол үшін шымкенттік оқытушылар шетел асатын болды. Ал білім мекемелерінің басшысын тағайындауда арнайы комиссия құрылатыны, оны қала әкімінің өзі басқаратыны айтылы.

Жиын соңында бала тәрбиелеуде жоғары жетістікке жеткен мектеп басшылары мен үздік мұғалімдер марапатталды. Ал жас бүлдіршіндер ұстаздарына арналған концерттік бағдарламаларын ұсынды.