Шымкентте Шәмшінің 85 жылдығына арналған ретро-фестиваль өтті

1186

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласындағы «Шәмші әлемі» гүлзарында әйгілі сазгердің 85 жылдығына орай «Арыс жағасында» VI ретро-фестивалі өтті.

Ұлтымыздың ұйытқысы саналатын Оңтүстік өңірінде ән өнерін дамыту, Ш.Қалдаяқов пен аймақтан шыққан шыққан өзге де композиторлардың шығармалары мен әндерін насихаттау, олардың туындыларына қолдау көрсету үшін дәстүрлі түрде «Арыс жағасында» ретро-фестивалі ұйымдастырылып келеді.

Биылғы шарада облыстық филармония мен облыстық опера және балет театрының әншілері, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры, облыстық орыс драма театры, облыстық өзбек драма театры, облыстық әзіл-сықақ және сатира театры ұжымдары, «Оңтүстік-Цирк», Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, «Қазына», «Тұмар» би ансамбльдері және балет тобы өнер көрсетті.

Ретро-фестивалде 800 жүзге жуық оңтүстікқазақстандық өнерпаздың қатысуымен қазақ вальсінің падишахы атанған Ш.Қалдаяқовтың отызға тарта әні және Шәмшіге арналған әндер орындалады. Шара барысында гүлзардағы Ш.Қалдаяқов ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ондағы «Жұлдыздар аллеясына» есімдері жазылған эстрада әншілеріне куәліктер тапсыру рәсімі және «Мәдениетім – мерейім» байқауында жүлдегер атанған аудан, қала басшылары марапатталды.

15 тамыз күні фестиваль аясында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда «Менің Қазақстаным» ән байқауы ашылып, кешкі сағат 20.30-да «Шәмші әлемі» гүлзарында гала -концерті өтпек.

ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген – Мақсат Шағырбаев