Оңтүстіктің жолдары жүгін шамадан тыс арттырып жіберген ауыр көліктердің кесірінен бұзылып жатыр. КамАЗ және Хово техникалары құрылысы жаңадан аяқталған нысандардың да сапасына әсер етуде. Бұл туралы облыстық көлік бақылау инспекциясының басшылығы мәлімдеді.

008

Биылдың 7 айлық жұмысын қорытындылаған ведомство өкілдері жүгі артық жүк көліктерін жүгендеуге барын салып жатқанын айтады. Мұндайға жол берген жүргізушілерден айыппұл өндіріледі. Бірақ ол теңізге тамған тамшыдай екенін де мойындады инспекция басшылығы. Оның үстіне айыппұлдан өндірілген арзымайтын ақшаға жолды жөнге келтіру мүмкін еместігін де тілге тиек етті.

Олег Петухов, облыстық көлік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары: «Біздің облыстағы жолдардың жалпы ұзындығы 12 892 шақырымды құрайды. Жаңадан пайдалануға берілген автодәліздер мен тасжолдар осы есептің құрамында. Осы нысандардың сапасына кері әсерін тигізіп жатқан шамадан тыс жүк артқан «КамАЗ» бен «Хово» екенін мойындау керек. Жолдардың ойдым-ойдым, ирек-ирек болуы солардың кесірінен. Біз мұндай жүргізушілерге айыппұл саламыз. Бірақ олар арзымайтын ақыны төлеп, қозғалысын әрмен қарай жалғастырады. Қазір осындай олқылықтарды болдырмас үшін аркалар мен кедергілер орнатуды ойластырып жатырмыз. Дегенмен, мұның бәрі қаржыға тіреліп тұрған мәселе.»

Қазір жүк көліктері жүргізушілерінің жүгенсіз тірлігіне тоқтам қоюды инспекцияның 21 қызметкері қадағалауына алған. Дегенмен, саусақпен санарлық инспекторлар техникаларды түгендеп үлгермейтіні жасырын емес. Мәселен, теміржол саласын бақылауға небәрі 2 штат қана қарастырылыпты. Соның салдарынан билетсіз сапар шегетіндердің қатары қалыңдап отыр.

Олег Петухов, облыстық көлік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары: «Биылғы 7 айдың ішінде пойыздарда 87 билетсіз жолаушы анықталды. Осыған қарамастан тасымалдауға тәуекел еткен 15 жолсерік жазаға тартылды. Әкімшілік іс қозғалып, 121 мың теңгенің айыппұлы өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда анағұрлым аз болып отыр.»

Айта кету керек, аталмыш құрылым қызметкерлерінің барлығы дерлік тәртіптік жазаға тартылып үлгеріпті. Қазір инспекция басшылығы көрсеткіштердің кері кетуінен қосымша штат бөлуді және арнайы құрылғылар қарастыруға ұсыныс жолдапты. Енді ведомство басшылығы министрліктің құптауын күтіп отыр.

Мақсат Жақсыбаев