Созақтықтарды ауыз су әлекке салды. Талай жылдар аңсаған тіршілік нәрінің сапасына тұрғындардың көңілі толмайды. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен қырауар қаражатқа орнатылған су қондырғыларының жұмыс істеу процесі баяу. Қараша халық судың санаулы сағатқа берілгеніне де өкпелі.
«Берілген суы, су түгіл таста жоқ. Бір сөзіне сенбеңдер, бәрі өтірік. Күйдік, шаршадық. Мен артезианды қазамын дейді. Артезианнан құм ағып жатыр. Екі сағат қосса, құм толып қалады. Оны сыртқа ағызады.»
Бұл — Тасты ауылы тұрғындарының жанайқайы. Ауылдықтарға таза су арманға айналған. 10 жыл бойы жүргізілген су құбырының сапасын сын көтермейді дейді. Шындықты айтып, жергілікті билікке жақпай қалыпты. Содан болар, қоқан-лоққы көрсететіндердің саны артқан.
«Бәрін ақша беріп сатып алған. Солардың сөзін сөйлейді. Егер айтқанымыз өтірік болса, бізді соттаңыздар!»
Уақытында 300 мың теңгеге алынған су тазалағыш құрылғы халықтың сенімінен шықпады. Айналдырған үш елдімекенді ауыз уға қарық қылуға да шамасы жетпейді. Жауаптылардың жоспарсыз жұмысының салдарынан күніне екі-ақ сағат су беріледі. Ақордадан ат артып келген мамандардың өзі де Тасты ауылына ауызсу жеткізу ұзаққа созылғанын жасырмайды.
Аудандықтар арман болған таза судың тәулік бойы тоқтамай берілуін қанша уақыт күтері белгісіз. Сондықтан болар, екі сағатқа берілетін ауыз суға 30 теңгеден төлеп отырғандарына тәубе етуде.
Ғалымжан Кенжебек