Шымкенттегі Түркістан көшесінде осыдан екі жыл бұрын жаңаланған жылу құбырлары қайта алмастырылып жатыр. Әл Фараби алаңына дейінгі 1 шақырым аралықты қамтыған құбырлар осымен екі қайтара ауыстырылу үстінде. Бұл жұмысқа «Шымкент Плаза» ойын-сауық орталығын салып жатқан мердігер тапсырыс беріпті. Бірақ, қолға алынған жұмыста қолбайлау жетерлік.
Құрылыс барысында диаметрі 250 миллиметрлік құбырлар 320-лыққа алмастырылмақ. Жобалық құны 48 млн теңгеге бағаланған бұл тірлік қыркүйектің екінші онкүндігінде аяқталуы тиіс. Алайда мердігерлер белгіленген мерзімде үлгеруіміз екіталай дейді. Өйткені жылу жүйесінің үстінен орын тепкен коммерциялық нысандар жұмысқа кедергі келтіруде.
Михалай Губарев, мердігер компанияның өкілі: «Құрылысты кеше бастадық. Жерді техникамен қазу мүмкін болмай отыр. Жылу жүйесі өткен жердің дәл үстіне салынған гранитті текпішектерді қолмен алуға тура келуде. Өйткені осындағы дүкендер қызыл сызыққа өтіп кеткен.»
Құрылыс жұмыстары Түркістан көшесі бойында қаз-қатар орналасқан коммерциялық дүкен иелерінің наразылығын тудыруда. Галина Шамсудинова осыдан екі жыл бұрын істелінген жұмыс қазір қайта жасалып жатыр, мердігер де қазудан жалықпай, жолды тас-талқан етіп тастады» дейді.
Галина Шамсутдинова, дүкен иесі: «Мердігер үш жыл бұрын дейді, қателеседі. Құрылыс осыдан екі жыл бұрын жүргізіліп, тозығы жеткен құбырлар алмастырылған. Енді «Шымкент Плазаға» жылу қажет деп, қайта құбырлар жаңалануда. Ірі нысанды жоспарлағанда жылу жүйесін неге ойламаған? Қаржыны тиімді пайдаланудың үлгісі деп осыны айт. Құрылыстың кесірінен дүкен жабылады. Үш қызметкерімді жұмыстан босатуға мәжбүрмін. Сосын мердігерлер бұл жерді қалпына келтіретініне сенбеймін. Екі жыл бұрын уәде беріп, жөндеген мына жерді өздеріңіз көріп тұрсыздар.»
Әл Фараби алаңына дейінгі бір шақырым жердегі жылу жүйесі құрылысына тапсырыс берген — «ТС Девелопмент» құрылыс компаниясы. Келесі жылы тамызда пайдалануға берілетін ойын-сауық орталығына ыстық су мен жылу қажет дейді мұндағылар. Тапсырыс беруші бас мердігер қара жолды қақ жарып қазған жерін толықтай тегістеуді міндеттейміз деп уәдесін үйіп-төкті.
Бір ескеретін жәйт, жылу маусымының басталуына екі ай қалды. Мерзім таяғанда тірлікке кіріскен жауаптылар үлгермей қалып жүрмесе болғаны.
Шынар Оразова