Түркістанда соңғы бір ай ішінде үшінші базар өртке оранды. Бұл жолы киім саудалайтын «Әділ» базарында тілсіз жау тұтанған. Кезек-кезек қызыл жалынға оранған сауда қатарларын сақтап қалуға қала әкімдігі әрекет жасап жатыр. Бірақ шекпенділердің ісі әлі шикі сияқты.
«Әділ» базарында басталған өрттің жалыны дүңгіршектер мен қоймалардағы тауарларды санаулы уақыт арасында күлге айналдырған. Тілсіз жау сауда орнының шатырынан басталған екен. Кешкі сағат 5-тер шамасында күшіне енген өрттен келген шығын қазіргі уақытта есептелуде. Абырой болғанда қызыл жалыннан зардап шеккендер жоқ.
Соңғы кездері Түркістан қаласының тұрғындарына тілсіз жау таңсық емес. Бұған дейін мұнда екі базар өрт құшағына оранған болатын. «Қуаныш» базары саудагерлерін тақырға отырғызып кеткен болатын. 2000 шаршы метрін жалын шарпып, базар толықтай күлге айналды. Соның салдарынан 1500-ге жуық саудагер жұмыссыз қалған еді. Кейіннен «Керуен» сауда орны да әлеуметті әлекке салды. Бірақ бір қызығы өрт сөндірушілер келесі жылдан бастап қана тексеруге кіріспек.
Нұрболат Дербісов, ОҚО төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары: «Соңғы кездері бізге тексеруге тыйым салынған, қадағалауға мүмкіндік жоқ. 2014 жылдың ақпан айынан бастап тексеруге тыйым салынған, мораторий жарияланған. Әзіргі таңға дейін бізде тексеруге мүмкіндік жоқ.»
Қала басшылығы базар маңайын ретке келтіруге кірістік деп отыр. Арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр. Алайда, сауда орнының айналасы әлі күнге қоқыстан көз ашпаған. Көлік кептелісі де жағдайды күрделендіріп тұр. Бұл мәселелер шешімін таппаса, өрттен сақтану сары уайымға сала бермек.
2016 жылдан бастап жаңа нысандарды пайдалануға беру құзыреті өртке қарсы қызметтен сәулет басқармасына тапсырылады. Демек, тілсіз жаудан қорғанудың алғы шарттары сол кезде өзгермесе, әзірге баяғы жартас сол жартас күйінде.