Бүгінде Шымкент шаһарының басшылығы жабайы сауда орнын жайлаған дүңгіршектерге қарсы күрес жұмыстарын тынымсыз жүргізіп жатыр. Бірақ нәтиже әзірге көңіл көншітерлік емес. Атойлап әрекетке кірістік дегенімен, тұщымды тірлік жасалмай жатыр.
Әл Фараби ауданының аумағында да заңсыз сауда нүктелеріне тыйым болмай тұр. Байтұрсынов көшесінің бойында орналасқан мына дүңгіршектің иесі өз бетінше нысанын орнатып алған. Заңсыз саудасын қыздырудан бөлек ол кәмелет жасқа толмаған жасөспірімді жұмысқа жеккен.
Ал Майлықожа көшесі мен Тауке хан даңғылы бойын жағалай қаз-қатар тізілген үлкенді-кішілі дүңгіршек пен дәмханалар бірнеше ескертулерден кейін де саудасын қыздырып отыр. Жауапқа тартпақ болған құзырлы орын қызметкерлері бірақ бұл нысандардың қожайындарын таппай, жер сипап қалды.
Бір белгілісі, Әл Фараби ауданы бойынша 107 заңсыз дүңгіршек бары анықталған. Әкімдік бұнымен күресуге көп уақыт жұмсайтын сыңайлы. Өйткені көзбояу рейдтер мен жартымсыз жұмыс заңсыз сауданың жойылуын созбаққа салатын түрі бар.