Жас сарбаздар ант берді

Леңгір қаласындағы 66/98 әскери бөлімінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген сарбаздар ант қабылдады. Әскерге 1 ай бұрын шақырылған 76 курсант мемлекеттік тудың алдында Отанын қорғауға, адал болуға ант берді.

Бір ай бойы тәжірибе жинақтап, әскери өмірдің қиындығы мен жауапкершілігін сезінген жас сарбаздар арқалаған жүк ауыр. Отан қорғаушылардың толық мүшесі саналған курсанттар азаматтық борышын Шымкент және Леңгір қаласындағы әскери бөлімдерде өтейтін болады.

Қолына қрауын асынған сарбаздың аты-жөні — Нұрболат Базарбай. Ақтөбе қаласынан келген жастың бауырлары Отан алдындағы борышын өтепті. Ал әкесі — Ауған соғысының ардагері. Сондықтан әке жолын қуып, өз елімді қорғау міндетім деп санайды.

Бір ай бойы әскери өмірге төселіп, қатаң тәртіпке үйренген курсанттар шара соңында қарумен орындалатын саптық амал-тәсілдерді, қоян-қолтық ұрыс амалдарын көрсетті.

Әсери ант қабылдау сәтінен кейін жас жауынгерлер алыстан ат арылтып келген жақындарымен көрісті. Ұлын сағынған ана, туғанын құшағына басқан бауыр мен кішкентай қарындас та осында. Тіпті кей аналар баласын көргенде ет жүрегі елжіреп, көздеріне жас алды. Алайда бұл қуаныштың жасы болатын. Өйткені жас сарбаз енді бір үйдің ғана емес, толықтай мемлекеттің тірегі, қорғанышы болмақ.