Жетісайдағы әскери оқу орталығы жабылуы мүмкін

349

Жетісай әскери оқу орталығы жабылады. Бұл хабардың шет жағасын естігеннен оқытушылардан маза кетті. Әскери-оқу базасы саналатын мықты мекемені жаба салу өрескел қателік, әрі заңсыздық деп есептейді олар. Кезінде қажеттіліктен ашылып, жылдар бойы жұмыс істеген орталықтың қажетсіз болып қалғанына налитындар аз емес.

005

Жұмыссыз қалғандар 1995 жылы аудандық білім бөлімі ішінен жеке отау құрған Жетісайдағы әскери оқу орталығы Виктор Тан секілді белсенділердің күшімен құрылғанын ұмыта қойған жоқ. Бұл саланың майталмандары әкімдерге орталықтандырылған әскери оқу ордасының пайдасын дәлелдеп, республикада тұңғыш әрі бір ғана мекеме бой түзегенін айтады. Тиімділігі басым бола тұра мекеменің әп-сәтте жабыла салғаны заңға да сай келмейді дейді шағымданушылар.

Виктор Тан, мекеменің тұңғыш басшысы, зейнеткер: «Бір мектепте бір материалды база жоқ. Біріншіден, бір кабинет жоқ. Қаруды сақтау бөлмесі өте қымбат. Мектепте еш нәрсе жоқ. Қыркүйекте сабақ бере алмайды. Оқу-материалдық базаны құру үшін өте көп қаржы керек. Әдістемелік орталық болған. Мектептің әскери дайындық жетекшілерін де оқытқанбыз.

«Бәрінен де көңілімізге тигені, «Заң» газетіндегі хабарландыруда «Қызметкерлер ерікті түрде мекемені тарқатуды сұрайды» дегені болды» дейді шағымданушылар. Айтуларынша, мектептердегі жағдай да мәз емес.

Сейілхан Пазылбеков, шағымданушы: «Шоқан мектебінде, Тұран мектебінде және Гагарин мектебінде оқу базасын жасақтау мүмкін емес. Өйткені, жер жеткіліксіз. Жер жетпейді. Кейбір мектептер үш ауысымда. Оларға, тіпті, сынып жетпейді.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=z977LuB-9vs[/youtube]

Аудан әкімдігі ұсыныс берген білім бөлімінің мамандары «Білім туралы» заңның арнайы тізбесінде мұндай мекеменің болмауы оны жабуға негіз болғанын айтады. Ал газеттегі өздері жабуды сұранады деген хабарлама бойынша зерделеу жасаймыз деп отыр. Зейнет жасына жақын мамандар да жұмыссыз қалмайды деп жұбатты.

Марат Әбуов, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары: «Оқу орталығындағы барлық қызметкер қолданыстағы заң талаптарына сәйкес сол мектептерге орналастырылады. Оның ішінде, заңнамаға сәйкес, зейнет жасындағылары да жұмыссыз қалмайды.»

Алайда шу көтергендер «Жұмыссыз қалмайсыңдар деген» биліктің жұбатуына сенімсіздеу. Олар қорғаныс министрінен көмек сұрап, Астанаға хат та жіберіпті. Оқу орталығын қалайда қалпына келтірмек ниетте.

31.kz