Қоқыс зауыты өз өнімдерін сата бастады

480

Шымкенттегі алғашқы қоқыс өңдеу зауыты өздері өндірген тауарларын сатуға кірісті. Бүгінде қайта өңделген қалдықтарға сұраныс тек жергілікті кәсіпкерлерден ғана емес, Өзбекстан, Ресей елдерінің өкілдерінен де көптеп түсуде.

Шымкенттегі қоқыс зауыты
Шымкенттегі қоқыс зауыты

Шыны шөлмек, полиэтилен қалта, картон қағаз және желім ыдыстар — осы зауыттағы қайта өңдеуге жататын басты шикізат түрлері. Жақында екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшкен кәсіпорын әзірге күніне 400 тонна қоқысты сұрыптап жатыр. Онда қазір 60 адам еңбек етуде.

Абдулла Айтымбетов, зауыт инженері: «Екі ауысымдық жұмысқа көшетін болсақ 107 жұмысшы еңбек етеді. Біздің шикізатқа деген сұраныстар өсіп келеді. Қазір Солтүстік Қазақстан облысынан қызығушылық танытқандар бар.»

Қоқыс зауыты

Зауыт басшылығы бұған дейінгі өндіріс орнының уақытша тоқтап қалуын сол кездері кәсіпкерлермен келісім-шарт жасауға жұмылдық деп түсіндіреді. Күніне мұнда 200 көлікпен қатты тұрмыстық қалдық жеткізіледі. Бірақ оның тек қырқын ғана қабылдауға зауыттың мүмкіндігі бар. Ал қалғаны қоқыс полигонына тасталады екен.

Әбдімәлік Әбдінұров, қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы: «Қалдық көметін арнайы техникалар жеткілікті. Біз бүгінгі таңда қаланың өзге бөлігінен де қоқыс полигонын ашу үшін жер телімдерін қарастырып жатырмыз.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=iCmPzMZK3C8[/youtube]

Сөйтіп, 150-ден астам КамАЗ тұрмыстық қалдықты полигонға үйіп жатыр. Ал Ақтастағы арнайы орынның жоба бойынша тек 5-6 жыл ғана қоқыс қабылдауға мүмкіндігі бар.

Нұрлан Жаңабай