Балабақшаларда орын тапшы. Мәселені шешуде тек жекеменшік бақшалар ғана белсенділік танытады. Сондықтан болар, биыл Шымкентте бой көтерген мектепке дейінгі орталықтардың арқасында екі мың орын пайда болған. Ал балабақшадағы орын тапшылығы тек 2018 жылы ғана шешіледі.
Бұл — Шымкент қаласында жақында ғана ашылған «Рапия» балабақшасы. 103 орынға шақталған бөбекжайда 80 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Сала мамандары бюджеттен әр сәбиге 18 мың теңгеден қосымша ақы алатындарын және балабақшаға мұқтаждар болса, қабылдайтындарын айтады.
Жалпы Шымкент қаласы бойынша 150 жекеменшік балабақша бюджеттен қаржылай көмек алады. Соған қарамастан әлі де 50 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.
Осы олқылықты жою үшін жаңа балабақша салу қажет. Қала басшылығы бұл тұрғыда қарап отырған жоқ. Қазынадан қаражат бөліп, ел ертеңі бүлдіршіндердің саналы тәрбие алуына жағдай жасап жатыр.
2010 жылы басталған «Балапан» бағдарламасы бала өсімі жоғары Оңтүстіктегі балабақша тапшылығын шешуде ерекше рөл атқарды. Ол бағдарлама өткен жылдың қазан айында аяқталып, енді балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету жүйесімен жұмыс жасалуда.
Нұрлан Жаңабай