Мақтаралдағы мемлекеттік зауыт сатуға қойылған

417
зауыттың сыртқы көрінісі

Мақтарал ауданында мемлекеттік мақта өңдеу зауыты жекенің меншігіне берілмек. Бұл туралы «Мақта келісім-шарт корпорациясының» президенті Сәбит Сұлтанханов мәлімдеді. Елбасының тікелей тапсырмасымен ашылған зауыт жекенің қолына өтпек. Үкіметтің миллондаған қаржысына тұрғызылған кәсіпорын аукционға қойылған. Бейресми мәліметтер, өңдеу зауытының сатылып кеткенін айтады. Бірақ, жергілікті жауапты мамандар одан бейхабар болып шықты.

зауыттың сыртқы көрінісі
Зауыттың сыртқы көрінісі

Акционерлік қоғам мақтаның алғашқы өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Мұнда шикізат өңделеді, бір шаруаға 19 мың 500 теңгенің қызметі көрсетеді. Яғни терілген мақтаны қабылдап, сорттайды, шикізатты өңдейді. Баға бір тоннаға есептелген. Былтыр бұл қызмет 17 мың 500 теңге болыпты.

Қызмет құнының әп сәтте 2 мың теңгеге көтерілуіне электр, көгілдір отын бағасының қымбаттауы себеп болыпты. Жалпы, бір тонна шикізаттан төрт түрлі өнім алынады.  Оны өңдеп болғаннан кейін, дайындалған өнім шаруаларға қайтарылады. Оны кімге, қалай сатады? Бұл диханның өз еркіндегі шаруа.

зауыттың алқабы
Зауыт жылына 60 мың тонна мақта өңдеуге қауқары жетеді. Мұнда 250 адам қызмет етеді, ал маусым кезінде жұмысшылардың саны екі есе артады. Олардың орташа айлық жалақысы — 55 мың теңге. Мұның күн көріске әрең жететін басшылық жақсы біледі, бірақ еңбек ақысын көтеруге мүмкіндік жоғын жеткізді. Кәсіпорын құрылғысының барлығы шетел асып келетіндіктен доллар бағамына тәуелділік қолды байлайды,- дейді.

Сәбит Сұлтанханов аудандағы мақта алқабы аумағының азайғанына қатты алаңдайды. Кезінде 120 мың гектар жерге егілген ақ алтыннан мол өнім түскенін айтады. Қазір мақталы алқаптың ауданы 77 мың гектарға қысқарғанын жақсы біледі. Өнім аз жиналатыны соншалық, шығын өтелмей, жұмыс уақыты қысқарған. Керек десеңіз, зауыттың өз-өзін ұстап тұруы қиынға соғыпты.

Зауыт президенті
Сәбит Сұлтанханов, зауыт президенті

Сәбит Сұлтанханов, «Мақта келісім-шарт корпорациясының» президенті: «Зауыт алпыс мың тонналық, ал бізге 30-35 мың тонна өнім келгені ауыр тиеді. Сондықтан өзіміз зиян көрмей үшін өңдеу бағасын көтереміз. Ол шаруаларға тікелей әсер етеді».

Бейресми деректерге қарағанда, өңдеу зауыты сатылып кеткен.. Бірақ, жергілікті жауапты мамандар оны жоққа шығарды. Соңғы технологиялармен жабдықталып, мамандары шетелден білімін арттырып келген кәсіпорын кеткен шығынын өтеп те үлгермеген. Бұл өзгеріс шаруаларды қуантпасы анық. Өкініштісі де сол, аудан экономикасын дамытып отырған алып зауыттың тағдыры бұлыңғыр.Аудан әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов корпорация аудан әкімдігіне қарамайтынын, әрі ол туралы мүлдем мәлімет жоқтығын айтып ақталды. Зауыт Елбасының жекешелендірудің екінші кезеңі аясында аукционға қойылғанын жеткізді. Әрі оған әкімдік емес, «Қазагро» ұлттық холдингі тікелей жауап беретінін айтты.