Түркістан облысында теңдесі жоқ мақта өңдеу зауыты іске қосылады

644
Фото 24.kz

Түркістан облысы Шардара ауданында мақта өңдеу зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Еліміз бойынша теңдесі жоқ кәсіпорын – Сингапур мен Қазақстанның бірлескен жобасы. Америка мен Қытайдың ең озық технологияларымен жабдықталған зауыт тәулігіне 600 тонна шитті мақта өңдейді. Одан 200 тонна талшықты мақта шығарады, деп хабарлайды 24.kz.

Қазір құрылыс алаңында 300-ден аса адам еңбек етіп жатыр. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобаның жалпы құны – 10 млн АҚШ доллары. Зауыттың құрылысы қазан айының ортасында толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Ол кезде 150 адамға тұрақты жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда шардаралық шаруалар 25 мың гектар алқаптан ақ алтын теруде. Қазiрдiң өзiнде алғашқы терімді аяқтап қалған еңбеккерлердiң жиын-терiм науқаны күн өткен сайын қарқын алып келеді.

Жанғазы Оспанов, зауыттың қондырғылар қою бойынша бас маманы: “Бұл жерде шикізатты тазалап, кептіріп, одан кейін өңдеп, талшығын бөліп алып, дайын өнім шығарылады. Бүгінгі күні шаруаларға ақша тарқатып, 10 мың гектарға жуық жерге мақта ектіріп жатырмыз. Келесі жылдан бастап 30-40 млн доллар шаруаларға ақша бөліп, мақта ектіреміз. Техникасын алуына көмектесеміз.

Қайрат Жолдыбай, Шардара ауданы әкімінің орынбасары: “Биылғы жылдың өзінде 24500 гектар жерге мақта дақылы егілді. Жылдан-жылға жаңа технологиялар ендіру арқылы мақтаның өнімділігі де артып келе жатыр. Биыл 28 центнерден артық өнім алады деп жоспарлап, 70 мың тоннаға жуық мақта жинаймыз деген жоспар бар”.