«Ордабасы» футболшыларының жалақысы төленеді. Бұл мәселеге облыс әкімі нүкте қойған. Бұл туралы тілшілерге команданың бас бапкері Бақтияр Байсейітов мәлімдеді.
− Облыс әкімімен жүздестік. Өңір басшысы осы салаға жауапты тұлғаларға футболшылардың жалақысын тез арада төлеу туралы тапсырма берді. Бұл мәселенің шешілетінін айтты. Футболшыларға мән-жайды түсіндіріп, жалақы қарыздары толық өтелетінін жеткіздім. Жоғары деңгейде ойнауы үшін футболшыларға жиі назар аударып, жағдайларын жасау керек. Шәкірттерім қазір «Ертіске» қарсы кездесуге қызу дайындалуда. Көңіл-күйлері жақсы. Алғашқы алтылықта бәсекелестік өте жоғары. Біз ең кемі дегенде төртінші орын алуға күш саламыз. Әрине, «Ертіс» те, «Атырау» да мықты. Дегенмен, Еуропа лигасына жолдама аламыз деген ойдамын. Жанкүйерлерден үлкен қолдау күтемін. Шын жанашыр жанкүйер командасы қиын жағдайда қалған кезде де қолдауын аямайды. Ал, спортшыларға дөрекі сөйлеп, жеңсе мақтап, жеңілсе ауыр сөздермен даттайтындарды нағыз жанкүйер дей алмаймын. Сондықтан, облысымыздағы «Ордабасының» жанкүйерлерін «Ертіспен» болатын кездесуге қолдау көрсетуге шақырамын — дейді Бақтияр Байсейітов.
Бас бапкер жергілікті қазақ жастарын негізгі құрамға көбірек шақыру мәселесі назарында болатынын да айтты.
−«Ордабасының» қосалқы құрамындағы 7-8 жас жігіттің аяқ алысын қадағалап жүрмін. Маған Дәурен Қайқыбасовтың ойыны ұнады. Ол қосалқы құрамда жиі гол соғып жүр. Осы жігітті алдағы кездесулердің бірінде негізгі құрамға шығаруым мүмкін. Мен футболшыларды енді толық танып-біліп жатырмын. Мықты шабуылшылар жоқ. Тәжімбетов те, Гейнрих те, Төлебек те денсаулық жағдайларына байланысты көмектесе алмады. Өткенде, қос қақпашы Сидельников пен Бойченконың қабілетін анық білмегендіктен қателікке ұрындық. Бұл екі футболшыны да ұлттық құрама сапында алып кетіпті. Бірақ, командаға кейін келдім деп қол қусырып отыруға болмайды. Ойын жүйесіне өзгеріс енгізіп, жылдам пастарға негізделген шабуылдаушы футболды ұсынғым келеді. Маусым соңына дейін қолда бар футболшыларды пайдаланамыз. Мықтыларымен ғана келісім-шартты ұзартамыз. Мен бұрын «Мелиоратор» командасын жоғары лигаға шығара алмай кеттім. Мүмкіндігіміз бар еді. Түрлі кедергілердің салдарынан ол тілек орындалмады. Шымкентке, туған жерге оралуымдағы басты мақсатым – «Ордабасыны» жүлдеге іліктіру. Мықты команда жасақтап, УЕФА-ның топтық турнирлеріне жолдама алу — дейді Бақтияр Байсейітов.
Ең бастысы, облыс басшылығы мен жанкүйерлері команданың жеңіске жетуіне мүдделі. «Ордабасы» 20 қыркүйекте өз алаңында Павлодардың «Ертіс» командасын қабылдайды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі