Шымкентте қалалық мәслихат депутаты Жамбыл Қалауов мандатынан айырылды. Ол Александр Лукашенконың Белоруссияда бензин бағасын қымбаттатуға жол бермейтіні туралы сөз сөйлеген бейнесіне өз пікірін қоса жазып, әлеуметтік желіде тартқан.
Халық қалаулысы өз сөзінде «Атай жарады! Бізде де осындай елбасы болғанда ғой» деп айтқан. Депутаттың бұл ісін «Нұр Отан» партиясындағы әріптестері Тұңғыш Президентке қарсы шығу деп қабылдады. Осы себеппен депутат партия қатарынан шығарылды дейді саяси ұйым өкілдері.
Өмірзақ Мелдеханов, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты: «Жалпы, бұл мәселе «Нұр Отан» партиясының Әл Фараби аудандық бюросында қаралды. Сөйтіп, депутат партиядан шығарылып, құжаттардың барлығы ұлттық қауіпсіздік комитетіне жіберді. Халықтың қалаулысы саясатта жүрген адам ғой, кішігірім болса да. Сондықтан, біріншіден, әрбір сөзін абайлап сөйлеуі керек. Депутат, оның үстіне «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде Елбасымыздың алдымызға қойған тапсырмасын орындап, елге жұмыс істеуі керек еді.»