Қазанқап көшесінің тұрғындары ескірген бағаналарын ауыстырып беруді сұранып отыр. Олардың айтуларынша, 1950 жылы қойылған бағаналар шіріп, жөндеуге келмей қалыпты.
Бағаналардың бос шөлмектермен жаңа жылдық шырша секілді безендірілуі бекер емес. Қатты желде жан-жаққа ұшқан желілердің қысқы тұйықтануының салдарынан қураған шөп отқа да ораныпты. Құдай сақтап, дер кезінде сөндірілген. Енді балаларымызды көшеге шығару қауіпті дейді тұрғындар.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=-Zu0QUFvDvg[/youtube]
«Балалардың бәрі осы көшеде ойнайды. Ал мынау шіріген бағана құласа қырылып қалмай ма? Қала әкімдігіне бірнеше рет арыз жаздық».
Тұрғындар бұған дейін қала әкімдігіне талай рет шағымданған. Сондықтан болар, коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары бұл мәселемен жіті таныс. Олардың мәлімдеуінше, Кеңес кезінен қалған бұл бағаналар иесіз деп танылған. 2012 жылы қаладағы 76 шақырым желі мен бағаналарды иесіз деп табу туралы соттың арнайы шешімі де шығыпты.
Айнұр Құланова, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы: «Бүгінгі таңда түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Көп құжат дұрыс болмаған соң рәсімдеу созылып кетті.»
Қала әкімдігі құжаттарын рәсімдесе, бағаналар «Оңтүстік жарық транзит» мекемесінің балансына тапсырылады. Ал әзірге көпшіліктің өтініші бойынша энергетиктер құлағалы тұрған екі бағананы өз есептерінен алмастырып беруге келісті.
Нұрлан Жаңабай