«Ордабасы» футбол клубының президенті Берік Омарбеков өз еркімен қызметінен кетті. Бұл жөнінде клубтың баспасөз хатшысы мәлімдеп отыр. Берік Серікұлының арызы мақұлданғаны әзірге белгісіз.
Естеріңізге салайық, Берік Омарбеков клуб басшылығына өткен маусымда келген болатын. Ордабасылықтар төртінші орыннан көрініп, биыл облыс тарихында алғаш рет Шымкентте европалық матч өткен еді. Арнайы тіркелген ресми фанклуб та осы азаматтың кезінде пайда болды.
Ал осыдан бір айдай уақыт бұрын команданың бас бапкері ауысып, бүгінде шымкенттіктерді Бахтияр Байсеитов жаттықтырып келеді. Сонымен қатар соңғы кездері футболшылардың алдында клуб қарыздар болып қалғаны да айтылып жүр. 11 қыркүйек күні сағат 17:00-де ордабасылықтар өз алаңында «Астананы» қабылдайды. Матч орталық стадионда өтеді.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының спорт бөлімінде де кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Әкімдіктің жанындағы спорт бөлімін басқарып келген Полат Қырықбаев та өз еркімен жұмысынан кетті.
Бір жылдан аса уақыт бойы қала спортын дамытуға атсалысқан азаматтың орны бүгінде бос тұр. Бейресми мәліметтерге сенсек, алдағы уақытта бұл қызметті кезінде еркін күрес шебері танылған Нұржан Катаев басқаруы мүмкін.