«Шымкенттіктер биыл жаурамайды.» Бұл — қаладағы №3 энергоорталық мекемесі мамандарының уәдесі. Жылу маусымына тыңғылықты дайындық жүргізіп жатқан орталық басшылығы жұмыстарының жоспарлы екенін жеткізді. Қазандықтар жөнделіп, магистралды және ішкі орам жылу жүйелері жаңалануда. Мамандар тұтынушыларды маңызды шарадан шет қалмай, жер төлелер мен пәтерлеріндегі ескірген жылу жүйелерін алмастыруға шақырады.
Жылудың сапасы қазандықтардың жұмысына да тікелей байланысты. Сондықтан қаланы жылумен қамтитын бас мекеме №3 қазандықты күрделі жөндеуден өткізуге 90 млн теңге бөліпті. Қазіргі таңда мұнда жұмыстың 67 пайызы аяқталған. № 1 және № қазандықтар да ағымдағы жөндеуден өтіп, жұмысқа дайын.
Марат Симбинов, №3 энергоорталық АҚ бас инженері: «Стансадағы қазандықтарды, агрегаттар мен жабдықтарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге жалпы 402 млн теңге бөлінді. Ал жылу жүйелері бойынша 302 млн теңге жұмсалмақ. Шымкент қаласы бойынша тұтынушылардың саны — 63 829.»
Жылу жүйелерін маусымға дайындау бойынша түзілген жоспардағы шаралар кезеңімен орындалуда. Сығымдау жұмыстары 90 шақырым магистралды және 378 шақырым орамішілік жүйелерде толығымен аяталды. Дербес қазандықтар бойынша 28.3 шақырым жүйелері де жылу қабылдауға дайын.
Марат Симбинов, №3 энергоорталық АҚ бас инженері: «Қазіргі таңда қаладағы Сухэ батор көшесінен Рысқұлов даңғылына дейінгі жарты шақырым аралығында жүйені жаңалау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыстың құны — 68 млн теңге. Сондай-ақ, Рысқұлов даңғылынан «Күншығыс» шағынауданындағы жылу жүйесін алмастыруға 72 млн теңге қаралған. Жұмыс кестеге сәйкес жүруде. Нысандардағы жөндеуді айдың соңына дейін аяқтауға тырысамыз.»
Бұдан бөлек, қосымша жабдықтар және де жергілікті аудандық қазандықтарға бөлінген 42 млн теңге толығымен игерілген. Енді тұрғындар өз пәтерлеріндегі жылу жүйелерін тексеріп, жертөлелеріндегі тозығы жеткен жылу жүйелерін жаңаласа болғаны.
Шынар Оразова