Жанармай қымбаттағанымен, жолақысы өзгермейді

355
Жанармай бағасы. Бензин

Бензин бағасын негізсіз көтергендер жазаланады. Бұл жайында ОҚО монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшылығы өңірдегі жанар-жағармай бекеттері қауымдастығы өкілдерімен қткен кездесуде мәлімдеді.

Дөңгелек үстел. Бензин бағасы. Монополияны реттеу
Жауаптылар дөңгелек үстелде бас қосты

4 қыркүйекте энергетика министрлігі АИ 92 және АИ 93 маркалы бензиннің бағасын еркін саудаға жібергенін мәлімдеген болатын. Сол күннен бастап бұл санаттағы жанармайдың әр литрі 128-130 теңгеден сатылып жатыр. Дегенмен, аталған бұйрықтың АИ 80 бензині мен дизелді отынға қатысы жоқ. Осыны оңай олжаға айналдырғысы келген пысықайлар бірден жағдайды өзімбілермендікке салды. Енді осылай заңды бұзғандар жазаға тартылады.

Бүгінде елімізде үш бірдей мұнай өңдеу зауыты бар. Олардың өнімдері ішкі сұранысты 70 пайызға қамтамасыз ете алады. Ал қалғанын Ресейден тасымалдауға тура келеді. Бұдан шығатын жалғыз жол — зауыттарды толық жаңартудан өткізу. Жоспар орындалса, 2020 жылдары елімізде бензин тапшылығы болмайды.

Жанармай бағасы. Бензин
Жанармай бағасы

Қайыпбек Қамбаров, ОҚО жанар-жағармай қауымдастығының президенті: «Мен бағаны еркін саудаға жібергеніне қарсы емеспін. Десе де бізде оның жүйесі қарастырылмаған.»

Бір қуанарлығы, бензиннің қымбаттауы жолаушылар тасымалдау компанияларына айтарлықтай әсер етпеген. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қаладағы автобустардың басым бөлігі дизель және газбен жүретіндіктен, жол ақысы өзгермейді деп нақтылады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=TDFQdU9G1Fg[/youtube]

Қуатжан Жұматаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: «Біз 2013 жылы барлық автобусты газға алмастырғанбыз. Одан қалса қаладағы жаңадан келген 200 автобус табиғи газбен жүреді.»

Енді бар қиындық жеке көлігімен жолаушы таситын такси жүргізушілеріне түсті. Мұнайлы елде мұндай да күрделілік болады екен деп таң қалып жүр олар.

Нұрлан Жаңабай