Шымкент қаласында әкімшілік айыппұлдарды өндіру қатаң қолға алынады. Сондай-ақ, келесі жылы жол-патрульдік полицейлер су жаңа темір тұлпарларды тізгіндейтін болды. Бұл жайында қала әкімі алқа мәжілісінде мәлімдеді.
Жол ережесін бұзғандарға салынатын әкімшілік айыппұлды өндіру төмен. Осы тұста Шымкент қаласында автокөлік санының кұрт өскенін мәлімдеген қалалық ішкі істер басқармасының басшысы инспекторларына автокөліктердің жетіспей жатқанын, 207 автокөліктің орнына тәртіп сақшылары 128 көлікті бөлісуге мәжбүр екеніне шағымданды. Сондай-ақ, Арман Бейсенбаев жол жүру ережесінің жиі бұзылуына негіз болатын бірнеше факторларды жайып салды.
Арман Бейсенбаев, Шымкент ҚІІБ басшысы: «Қала көшелерінде көлік қоятын тұрақтар жоқтың қасы. Біраз аялдамаларда қалташа жоқ.»
Полицейлер сұраған 100 көлік мен 5 эвакуаторды қала әкімі Ғабидулла Әбдірахымов қанағаттандыруға уәдесін берді. Есесіне шаһарда көлік қозғалысы көп кезде инспекторлар жол қиылыстарындағы қозғалысты реттеуі керек деді қала басшысы.
Ал қоғамдық көліктердің қызметін жақсарту үшін сала мамандары 4 мәселені шешу қажет дейді. Соның бірі — көптен бері көтеріліп жүрген муниципалды автопарк. Сонда ғана жолаушылар сарылып автобус күтпейтін болады.
Қуатжан Жұматаев, ЖКжАЖ бөлімінің басшысы: «Қаланың шет аумақтарында жекеменшік компаниялар қызмет көрсеткісі келмейді. Пайда жоқ дейді. Біз Алматы, Қызылорда қалаларындағы секілді муниципалды автопарк ашсақ болар еді».
Жиын қорытындысында қаладағы көлік қозғалысын оңтайландыру үшін әкімдік пен полицейлер бірлесе жұмыс жасауы тиіс деп нақтыланды. Бұған қоса қаланың кіреберіс төрт бағытында жол торабын жасау үшін жобалық-сметалық құжат дайындалады.
Нұрлан Жаңабай