«Қазына» этно-тарихи кешені ашылды

777
Қазына кешені

21 қазан күні Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкентте «Қазына» этно-тарихи кешенінің салтанатты ашылуы өтуде. Оның ішінде Қазақ хандығының 550 жылдығы монументі, Ұлы Жібек жолы сәулеттік композициясы және ғұламалардың нақыл сөздері жазылған Даналар өсиеті мен 27 тарихи-сәулеттік ескерткіштің шағын макеті орналасқан кешен ашылды.

Қазына кешені

Кешеннің салтанатты ашылу рәсіміне «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары А.Мырзахметов, Қазақстанның мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, парламент мәжілісінің депутаты Ш.Мырзахметов және ОҚО әкімі Б.Атамқұлов, шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Х.Бациев қатысады. Қазақ хандығына 550 жыл монументінен бастау алған шарада ел ағалары бабалар рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Қазына кешені

Мұнда облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан бастап Қазақ хандығының 550 жылдығы монументіне дейін қолөнер, қылқалам шеберлерінің көрмесі қойылды.

 

Қазақы ою-өрнектермен безендірілген, биіктігі 15 метрлік монумент түрлі композициялармен толықтырып тұр. Сонау Бәйдібек би бабаның ескерткішінен бастап Наурыз алаңына дейінгі этно-кешеннің жалпы көлемі 76 гектар жерді құрайды.

Осынша тарихи танымдық маңызы зор нысандардың құрылысы Оңтүстіктің бұрынғы әкімі, қазіргі «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Исабекұлының бастамасымен қолға алынған болатын. Енді сәулеті мен сәні жарасқан көрікті кешеннің салтанатты ашылуына өзі арнайы келіп қатысты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=MILhMMTjbKs[/youtube]

Қазына кешенінде этносаябақ, 27 тарихи сәулеттік ескерткіштердің макеті, түрлі композициялар және тасқа қашалып жазылған даналар сөзі де көрініс тапқан. Ал мәдени сауықтыру бөлігінде тарихи өлкетану мұражайы, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, сондай-ақ, Жайлаукөл демалыс аумағы, қазақ ауылымен толыққан. Өткеннен сыр шертіп, өнеге бере тұғын кешен Оңтүстіктің көркіне айналды дейді облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов. Шаһардың шырайын кіргізген көрікті кешенге көпшілік те дән риза.

Тарих пен ұлттық нақыш үйлесін тапқан кешен ұрпаққа ұлағат болары сөзсіз. Сәулеті мен сәні келіскен нысандардың құрылысын қолға аларда басты мақсатымыз да осы еді дейді идея авторлары.

Мақсат Жақсыбаев