Шымкентте биыл елуге тарта көп қабатты үйді күрделі жөндеу жоспарланған. Солардың 34-і жаңарту бағдарламасы аясында жөнделді. Алайда 14 баспанаға қаражат жетпей, келесі жылға қалып отыр.
Соның салдарынан шатыры тозып, едендері ескірген үйлердің тұрғындары қиналуда. Жаңбыр жауса су сорғалап, бөлмелер суып кетеді деп ашынады халық.
Шәріпбек Бектұрғанов — Гагарин көшесіндегі № 108 үйдің тұрғыны. Біраз жылдан бері осы жерді паналап келе жатқан ол үйдің іргетасы сонау 1936 жылы қаланғанын айтады. Содан бері көп қабатты баспана бір рет те жөнделмеген. Қауіпті екеніне қарамастан тұрғындар өз беттерінше пәтерлерін жаңалап, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Алайда шатырларын жауып, электр желілері мен жылу құбырларын ауыстыруға шамамыз келмеді деп отыр.
Шәріпбек Бектұрғанов: «Төбемізден су ағып жатыр. Әкімшіліктен сұранарым — жөндеу жұмыстарын жасап берсе.»
Осы орайда тұрғындар мемлекет тарапынан қолға алынған жаңарту бағдарламасын естіп, биліктен көмек сұраған. Соңынан мамандар бұл үйді жан-жақты тексеріп, жөнделетін үйлердің тізіміне қосыпты. Тек қағазға ілінгені болмаса, жасалған жұмыс жоқ. Мәселені айтып, тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырған тұрғындардың әрекетінен де түк шықпай тұр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=edjzhwRWXow[/youtube]
Елена Супцова, үйдің тұрғын: «Биылдың сәуір айында жөндеуге қажетті құжаттарды тапсырдық. Сол кезде бізге күрделі жөндеуге уәделерін берген еді. Жазда бастаймыз деп еді, қазір күз болды. Бастайтын түрі жоқ. Амал жоқ, күтудеміз.»
Ал үйлерді жаңарту жұмыстарына жауапты мамандардың сөзінше, қазір бұл үйді жөндеуге қаражат тапшы. Қосымша демеушілер табылса, күрделі жөндеуді бастаймыз деген үміттері де ақталмапты. Яғни биыл билік тек 34 үйді жаңалаумен шектелген.
Мұхтар Мұхамеджан, «Тұрғын үй» МҚК-нің директоры: «Биыл 252 млн теңге бөлініп, 34 үй жөндеуден өтті.»
Сондықтан тізімге енген 14 үйдің тұрғындарына келер жылды күтуден басқа амал қалмай тұр. Ал №108 үйді паналаушылар қыстың қамына кірісіп, өздігінше әрекет жасамақ.
Лаура Сапарбекқызы